МАГАТЭ Қазақстанға АЭС салуға қолдау көрсетеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

МАГАТЭ Қазақстанға АЭС салуға қолдау көрсетеді. Бұл жайлы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің ұйымның бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесуі аясында белгілі болды.

Рафаэль Гросси Қазақстанның іс-қимылдарының жүйелілігі мен дәйектілігін атап өтіп, Агенттіктің ядролық бағдарламаның барлық кезеңінде – алаңды таңдаудан және құрылысқа дайындықтан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейін кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

«Бөлек мәселе ретінде уран ресурстарын ұтымды пайдалану, әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету және ұлттық мүдделер мен жаһандық міндеттемелер арасындағы теңгерімді табу мәселелері талқыланды», – деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.

Фото: Атом энергиясы агенттігінен

Тараптар 2025–2027 жылдары МАГАТЭ-ның салалық департаменттерінің жүйелі өзара іс-қимылын, миссиялар мен іс-шараларды өткізуді көздейтін бірлескен «жол картасын» әзірлеуге келісті. Кездесудің қорытындысында Рафаэль Гросси Қазақстан тарапына ресми сапармен келуге уәде берді.

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысының нақты қашан басталатыны белгісіз. Сәтқалиевтің сөзінше, құрылысқа дайындық үш жыл уақытты алуы мүмкін.

8 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев екінші және үшінші АЭС-ті жоспарлай беру керек екенін де айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз