Сот орындаушылары азаматтарға тиесілі қаражаттың 4,4 млрд теңгесін бермеген

Сот орындаушылары өндіріп алушы тарапқа тиесілі 4,4 млрд теңге қаражатты өздері ұстап қалған. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті жүргізген мониторинг нәтижесінде 42 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 4,4 млрд. теңге мөлшерінде өндіріп алушыларға ақшалай қаражаттарды аудармау фактісі бойынша заң бұзушылықтар анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Комитеттің араласуымен 34 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 2,4 млрд теңге азаматтарға қайтарылған.
Министрліктің хабарлауынша сот орындаушылары заңнаманы қате қолданып, өндірілген қаражаттан өз қызмет ақыларын ұстап отырған. Комитеті мұндай тәжірибенің заңнама талаптарына қайшы келетінін, инкассалық өкімді қоюға тек бір рет және берешек шегінде ғана жол берілетінін хабарлайды.
«Бұдан былай осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Комитет өндіріп алушыларға ақшалай қаражаттарды аудару процесін автоматтандыру жұмыстары жүргізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.