Amazon мен Walmart-та Қазақстан ұны сатылып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: QazTrade

Қазақстанда өндірілген ұн америкалық платформада сатылып жатыр. Нью-Йоркке Eurasian Legacy бренді үшін 50 тонна бидай ұны жеткізілді деп хабарлайды QazTrade.

«Бұл – АҚШ-та ұлттық тауарларды ілгерілетудің жаңа стратегиясы аясында жүзеге асқан алғашқы ірі экспорттық жоба. Алдағы уақытта Сауда және интеграция министрлігі жанындағы экспортты дамыту бойынша бірыңғай оператор QazTrade қолдауымен ай сайынғы жеткізілім көлемін 100 тоннадан астам ұнға дейін арттыру жоспарланып отыр», – деп хабарлады QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы

Өнім қазірдің өзінде Amazon және Walmart сияқты ірі онлайн-платформаларда орналастырылды, сондай-ақ АҚШ-тағы бірқатар наубайханада ұсынылып жатыр. Amazon-да 1,36 келі қаптамасы 14 доллар 50 центтен сатылады. Қаптамада «Product of Kazakhstan» («Қазақстан өнімі») деген белгі көрсетілген.

Онлайн-сатудан бөлек, ұнды мейрамханаларға, кофеханаларға және жергілікті тамақтану желілеріне жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіледі. Сондай-ақ Costco, Whole Foods және Trader Joe’s сияқты ірі америкалық ритейл-желілеріне шығу мүмкіндігі қарастырылып жатыр деп атап өтті QazTrade.

Отандық өнімнің шетелдік нарыққа шығуы бұл ғана емес. Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы өндірілген балдың Еуропада сатылатыны жайлы жазған едік. «SUN-BEE ALTAI» брендіндегі өнім Финляндия, Швеция, Дания, Португалия және Грекия тәрізді Еуропа елдерінде сатылымға шығады.

Сондай-ақ оқыңыз