Тәліптер «арсыздықтың алдын алу үшін» интернетке тыйым салды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Reuters

Ауғанстанда билікте отырған «Талибан» қозғалысы солтүстік Балх провинциясында кабельді интернетті пайдалануға тыйым салды. Соның салдарынан барлық мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлер Wi-Fi-сыз қалды. Дегенмен, мобильді интернет жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Associated Press.

Бұл – тәліптер 2021 жылы билікке келгеннен бергі алғашқы осындай жағдай. Провинция үкіметінің өкілі Хаджи Аттаулла Заидтің айтуынша, кабельді интернетті өшіру туралы бұйрықты «Талибан» жетекшісі Хибатулла Ахунзада жеке өзі берген.

«Бұл шара арсыздықтың алдын алу үшін қабылданды, ал елде қажеттілікті өтеу үшін балама жүйе құрылады», – деді ол.

Алайда Заид қандай балама болатынын және не себепті дәл Балх провинциясы таңдалғанын, сондай-ақ бұл тәжірибе басқа өңірлерге тарай ма – ол туралы толық айтылмады.

Осыған дейін Канада, Аустралия, Германия және Нидерланд әйелдер құқығын бұзғаны үшін Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысын БҰҰ сотына берген.  Ұйымның жиынында әйгілі актриса Мэрилл Стрип Ауғанстанда әйелдерге қарағанда, мысықтардың өмірі еркін екенін айтқан.

«Мысық әйелге қарағанда еркін. Мысық үйінің кіреберісінде отырып, бетіне күн сәулесін түсіре алады. Ол саябақта тиіннің артынан қуа алады. «Талибан» әйелдер мен қыздарға арналған қоғамдық саябақтарды жауып тастады. Кабулда құстар ән айта алады, ал қыз бала даусын шығара алмайды», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз