Атырауда мемлекетке 590 млн теңге залал келтіргендер сотталды

Атырауда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға байланысты экономикалық қылмысты жасаған адамдар тобына үкім шықты. Сондай-ақ олар жалған шот-фактура жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
«Тергеу нәтижесінде А.С. Тюякпаевтың басшылығымен, сондай-ақ С.А. Аргалаш пен А.С. Булатовтың қатысуымен адамдар тобы ұйымдасып, 8 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қолма қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару схемасын құрғаны анықталды», – деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Соның салдарынан мемлекетке 590 млн теңгеден астам салық төленбей, ірі көлемде залал келген. Сонымен қатар, Тюякпаев 342 млн теңге көлеміндегі қылмыстық кірісті бақылауындағы компаниялардың есепшоттары арқылы өзінің жұбайының жеке шотына аудару арқылы заңдастырған.
Сот санкциясымен 4 автокөлікке 2 пәтер мен бір тұрғын үйге тыйым салынды.
Тергеу барысында 236 млн теңге өз еркімен өтелді. Сот үкімімен Тюякпаев, Аргалаш және Булатов кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 4 айдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүлік – Атырау қаласындағы пәтер мен автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.