Алматыда Қонаев салдырған әйгілі Арасан моншасы өртенді

Алматы қаласында халық көп баратын орындардың бірі – Арасан моншасы өртенді. Бұл туралы Kursiv.Media Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, 17 қыркүйекте Алматы қаласының 112 пультіне Қонаев көшесіндегі монша кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түсті.
«Өрт сөндірушілер келген кезде үш қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы бу бөлмесіндегі ағаш қаптаманың жанғаны анықталды», – деп хабарлайды ТЖМ.
Өрт сөндірушілер өртті толықтай сөндіріп, оның жоғарғы қабаттарға таралуына жол бермеді.
Ешкім зардап шекпеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Арасан – Алматы қаласында 1979-1982 жылдары шығыс сәулет үлгісімен салынған монша. Кешен құрылысы қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен жүргізілген.