Шодиев-Ибрагимов текетіресі: сот Ибрагимовтың пайдасына шешім шығарды

Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) акционерлері арасындағы корпоративтік дауға нүкте қойды. Бұл қаржы компаниясының құрамына «Еуразиялық банк» пен «Еуразия» сақтандыру компаниясы кіреді. Сот бизнесмен Шухрат Ибрагимовтың ЕҚК-ға қарсы талабын қанағаттандырып, компанияны директорлар кеңесінің 2025 жылғы 2 маусым мен 30 шілдедегі шешімдерін орындауға міндеттеді. Бұл туралы Forbes Kazakhstan-ға тиісті құжатпен таныс дереккөз хабарлаған.
Сот шешімі
Сот қаулысы бойынша, ЕҚК «Еуразиялық банк» пен «Еуразиялық Капиталдың» 2024 жылғы қаржылық есебін KPMG аудит компаниясы растаған нұсқада бекітуі тиіс. Сондай-ақ банктің директорлар кеңесіне жаңа мүшелер сайланып, Ерлан Мусин мен Жанбота Бекенов тәуелсіз директор ретінде қосылуы қажет.
Директорлар кеңесінің құрамына Шухрат Ибрагимов, Виталий Репей, Арман Нурушев, Ерлан Мусин және Жанбота Бекенов кіреді. Сонымен қатар Инесса Кимнің өкілеттігі тоқтатылып, Жанбота Бекенов ЕҚК-нің атқарушы органының директоры болып тағайындалмақ.
Шодиевтің талабы қанағаттандырылмады
Сот шешімінің екінші бөлігі ерекше назар аударарлық. Онда компанияның 33%-ын иеленетін Патох Шодиевтің талабы толықтай қанағаттандырылмайтыны көрсетілген. Ол директорлар кеңесінің шешімдерін жарамсыз деп тануды және 1 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өндіріп алуды сұраған еді.
Оның қызы Мұниса Шодиеваның да Шухрат Ибрагимов пен ЕҚК директорлар кеңесінің тағы бір мүшесі Андрей Коповқа қарсы арызы сотта қолдау таппады.
Сот қаулысында «Шодиев Патох Қаюмұлының талабын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартылсын. Шодиева Мұниса Патохқызының талабын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартылсын» деп жазылған.
Қазіргі ресми деректерге сай, «Еуразиялық қаржы компаниясының» акционерлері – марқұм Әлижан Ибрагимовтың жұбайы Мукадасхан Ибрагимова, Патох Шодиев және Александр Машкевич. Әрқайсысының үлесі – 33,3%.