ЖИ оқушылардың білім деңгейін бағалап, мамандық таңдауына көмектеседі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
ЖИ мамандық таңдауға қатысты ұсыныстар береді / Фото: kursiv.media архиві

Енді білім беру жүйесінде ЖИ технологияларын тек оқыту процесіне ғана емес, бағалау мен кәсіби бағдар беру бағытында да қолданылатын болады. Мәжілісте өткен жасанды интеллект тақырыбына арналған жиында Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов осылай деп мәлімдеді.

Вице-министр Tester.kz платформасы оқушылардың тестілеу нәтижелерін сараптап, олардың қиындық туындайтын тақырыптарын анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.

«Tester.kz платформасы оқушыларға пәндер бойынша тәулік бойы виртуалды көмек көрсетеді. Мұғалімдер үшін сабақ жоспарын, презентацияларды және тест тапсырмаларын ЖИ арқылы автоматты түрде құрастырады. Сондай-ақ түрлі форматтағы бақылау жұмыстары мен қорытынды бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеуге мүмкіндік береді»,— деді вице-министр.

Ал Jinaq платформасы оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған. Қызығушылықтары мен қабілеттерін ескеріп, мамандық таңдауға қатысты ұсыныстар береді.

Artisan Education шешімі инженерлік бағыттағы тәжірибелік оқытуды қамтамасыз етеді.

«Жобалық жұмыстар арқылы оқушылар нақты өмірлік міндеттерді шешуді үйренеді. Жасанды интеллект оқушылардың дағдыларын бағалап, жеке даму жоспарын құруға көмектеседі. Мұғалім фасилитатор рөлін атқарып, нақты есептер мен нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді,« деп түсіндірлі ол.

Асылбек Ахметжанов ЖИ бойынша жұмыс Цифрлық даму министрлігімен тығыз байланыста жүргізіліп жатқанын айтты.

Айта кетейік білім саласына алдағы 5 жылда ЖИ-ді енгізіледі. Оқу ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы тұжырымдаманы бекіткен.

Сондай-ақ оқыңыз