Отарда шымкенттік сарбаз өзіне қол салған

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өзіне қол салған.

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді» делінген хабарламада.

Бүгін таңертең марқұмның туыстары әлеуметтік желіде бауырының қайтыс болғанын хабарлаған. Шымкент қаласының тұрғыны 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек сыңарымен бірге мамыр әйында әскери борышын өтеуге кеткен. Екеуі екі бөлек әскери бөлімде міндетін атқарған.

Марқұмның туыстары сарбаздың денесін алып қайту үшін Алматыға жолға шыққан. Оған қазір сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Сарбаздың туыстары оның өзіне-өзі қол салғанына сенбейді. Қайғыдан қара жамылған отбасы президентке сұрақ қойып, видеожазба жазған. «Балам сап-сау еді ғой», – дейді анасы көз жасын тия алмай.

«Әскер қатарына жіберген баламыздың мәйітін алуға келдік. Ата-анасының жағдайы өте ауыр. Президент мырза, сіздің әскеріңізде не болып жатқанын білесіз бе? Аналар баласыз қалу керек пе? Жастар қыршынынан қиылу керек пе? Бұл не деген әскер? Неге сарбаздар өлім жатыр? Неге бұл бақылауға алынбайды? Әскерде тәртіп түзелді деп баламызды сеніп жібердік. Енді міне, мәйітін алып кетуге келдік», – дейді марқұм болған сарбаздың туысы.

Сондай-ақ оқыңыз