2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көліктерді кедендік рәсімдеу талаптары өзгере ме?

Қазақстанда көлік импортына қатысты сұрақтар әрдайым өзекті. Соңғы жылдары автонарық айтарлықтай өзгерді: электромобильдерге қызығушылық артты, дәстүрлі жанармаймен жүретін көліктерді импорттаға қатысты шектеулер енгізілді, утиль алымы мен салықтар жиі талқыланды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік рәсімдеу талаптары өзгере ме деген мәселе бүгінгі таңда автодилерлердің де, қарапайым азаматтардың да басты назарында.
Электромобильдер: «нөлдік баждың» болашағы
Қазақстан үкіметі 2022 жылдан бастап электромобильдерді елге әкелуді ынталандыру үшін кедендік баж салығын алып тастаған болатын. Бұл жеңілдік 2025 жылдың соңына дейін жарамды. Оның арқасында қазақстандық нарыққа қытайлық BYD, Chery, ресейлік Evolute, сондай-ақ әлемдік алпауыттар – Tesla, Hyundai, Kia секілді брендтердің электр үлгілері келе бастады.
Электромобильдерге арналған «нөлдік баж» – олардың құнын 10-15%-ға төмендететін негізгі фактор. Егер бұл жеңілдік 2026 жылдан кейін де ұзартылса, Қазақстанда электрокөліктердің үлесі бірнеше есе өсуі мүмкін. Бұл тек тұтынушыларға тиімділік қана емес, сонымен қатар экология тұрғысынан да маңызды қадам.
Алайда жеңілдік тоқтатылуы да мүмкін. Себебеі Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) №107 шешімімен жеңілдік 2021-2025 жылдар аралығына ғана бекітілген.
2026 жылдан кейін не өзгереді?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап электромобильдерге қатысты жеңілдік мерзімі аяқталады. Kolesa.kz порталының хабарлауынша, аталған мерзімнен кейін электр көліктерін Қазақстанға әкелген азаматтар қосылған құн салығын (ҚҚС) 16% мөлшерінде төлеуге тиіс болады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеңілдікті ұзарту мәселесі әзірге қарастырылмағанын нақтылады. Бұған қоса, жаңа Салық кодексінде де электромобильдерге арналған қосымша жеңілдіктер көзделмеген.
Бұл шешім Қазақстандағы электромобильдер нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бағаның өсуі сұранысты төмендетіп, нарықтың қалыптасу қарқынын бәсеңдетеді деген қауіп бар.
Дәстүрлі көліктерге қойылатын талаптар
Ал іштен жану қозғалтқышы орнатылған дәстүрлі көліктерге қатысты талаптар бұрынғыша қатаң күйінде сақталады. Қазақстанға әкелінетін мұндай көліктер үшін:
- Кедендік баж салығы – автокөліктің шыққан елі мен қозғалтқыш көлеміне байланысты 10-30%-ға дейін.
- ҚҚС – 12%.
- Утиль алымы – қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі және айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
- Алғашқы тіркеу жарнасы – көліктің техникалық сипаттамаларына қарай белгіленеді.
Мысалы, жаңа бензин қозғалтқышты көліктің жалпы кедендік рәсімдеу шығындары құнын шамамен 30%-ға дейін қымбаттатуы мүмкін. Ал 7 жылдан асқан ескі көліктерді әкелу тіпті тиімсіз, себебі оларға салынатын утиль алымы мен баж айтарлықтай жоғары.
Сарапшылардың пікірі
Көлік нарығы сарапшылары Қазақстанның экологиялық міндеттемелерін ескере отырып, электромобильдер үшін салықтық ынталандыруды жалғастыру қажет деп есептейді. 2030 жылға қарай көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту туралы халықаралық міндеттемелерді орындау үшін электр көліктерін қолдау саясаты стратегиялық маңызға ие.
Алайда Үкіметтің ұстанымы әзірге қатаң: қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған, ал кедендік «нөлдік режимнің» мерзімі аяқталуға жақын.
Нарыққа әсері
2026 жылдан кейінгі автонарықтың жағдайын үш сценарий бойынша қарастыруға болады:
- Жеңілдік ұзартылса. Электромобильдер қолжетімді болып қала береді, сұраныс өседі, инфрақұрылым дамиды.
- Жеңілдік тоқтатылса. Баға 16%-ға өсіп, қызығушылық төмендеуі мүмкін.
- Үшінші нұсқа. Жеңілдік белгілі бір санаттағы көліктерге ғана сақталуы ықтимал (мысалы, отандық құрастыру үлесі бар немесе қуаты шектеулі үлгілерге).
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көліктерді кедендік рәсімдеу талаптары өзгереді. Ең басты өзгеріс – электромобильдерге қатысты нөлдік баждың тоқтауы және ҚҚС енгізілуі. Бұл қазақстандық нарық үшін айтарлықтай сын-тегеурін болмақ. Ал дәстүрлі жанармай қозғалтқышы бар көліктер үшін қатаң кедендік талаптар өзгеріссіз қалады.
Сондықтан автокөлік әкелуді жоспарлап жүрген азаматтарға алдағы жылдың соңына дейін нақты шешім қабылдағаны жөн. Себебі кедендік режимдегі кез келген өзгеріс көліктің түпкілікті бағасына тікелей әсер етеді.
Еске сала кетсек, жыл басында Қазақстан электр қуатымен жүретін көліктердің саны 1, 6 есе артқан еді.