Азаматтарға екі жұмыста қатар істеуге тыйым салына ма – министрлік түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Екі жерде бірдей жұмыс істеуге тыйым салынған ба? / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Азаматтарға екі жұмыста бірдей істеуге рұқсат па? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.

Министрлік мәліметінше, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, қазақстандықтардың бір уақытта бірнеше жұмыс орнында жұмыс істеуіне тыйым салынбайды. Дегенмен, екі жұмыста істеуге қатысты қойылатын талаптар мен шектеулер бар. Оған сәйкес екі жерде қызмет ететін адам негізгі жұмыста – 8 сағат, қосымша жұмыста 4 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Яғни жұмысшының жалпы бір тәуліктегі еңбек уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.

Екі жұмыста істейтін азаматтарға қандай талаптар қойылады?

Екі жерде қатар жұмыс істейтін азаматтар Еңбек кодексінің 32-бабының 4-тармағындағы норманы орындауы қажет. Екінші жерде заңды негізде жұмыс істеу үшін жұмысшы қосалқы жұмыс берушіге негізгі жұмыс орнынан өзінің еңбек жағдайы мен сипаттамасын растайтын анықтама әкеліп, еңбек шартын жасауы қажет. Ол шартта қосалқы жұмыстағы еңбек уақытының 4 сағаттан артық болмауы міндетті түрде ескерілуі керек.

Сондай-ақ Кодексте білгіленген нормаларға сәйкес, жұмыскерге жыл сайын берілетін еңбек демалысы екі жұмыста да бір мезгілде берілуі шарт. Егер қосалқы жұмыстағы еңбек демалысының уақыты негізгі жұмыстағы еңбек демалысынан аз болса, жұмыскер екінші жұмысынан ақысыз негізде демадысқа шыға алады. Яғни артық демалған күндері үшін екінші жұмысында жалақы сақталмайды.

Қандай маман иелеріне екінші жұмыста істеуге тыйым салынады?

Қосалқы жұмыс істеуге заңмен тыйым салынатын мамандық түрлері де бар екен.

«Еңбек Кодексінің 26-бабының 2-тармағының 5)-тармақшасына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған адамдарды, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді (медициналық қызметкерлерді қоспағанда) қосымша жұмысқа қабылдауға жол берілмейді», – делінген министрлік түсіндірмесінде.

Бұдан бөлек қауіпті жұмыста істемейтін кейбір қызметкерлерге де екі жұмыста істеуіне жол берілмейді. Атап айтқанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге екі жұмыста қатар істеуіне тыйым салынған. Себебі олардың педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметтен басқа, өзге ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

Осы екі санатқа жатқызылған азаматтар екі жұмыста істей алмайды. Қалған сала мамандарына екі жерде бірдей қызмет етуіне тыйым салынбаған.

Министрлік екі жерде толық ставкада істейтіндерді анықтайды

Еске сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин азамттардың бірнеше жерде толық ставкада жұмыс істеуіне тыйым салынатынын мәлімдеген. Министрлік өкілі кейбір азаматтардың екі және одан да көп жерлерде толық ставкада жұмыс істейтінін анықталғанын, мұндайға заң жүзінде рұқсат етілмейтінін жеткізген.

Сондай-ақ Олжас Анафин Мәжілісте ЖИ енгізілуіне байланысты елде 1 млн адамның жұмыссыз қалу тәуекелі жоғары екенін айтқан болатын. Жалпы кәсіпорындар автоматтандырылса, 2,2 млн адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Десе де, министрлік өкілі цифрландыру процесінің баяу жүріп жатқанына байланысты және еңбек құнының төмендігі себепті елде жаппай қысқарту жүрмейді деп сенеді.

Сондай-ақ оқыңыз