Республикалық бюджетке қаржы жоспардан аз түсті

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында республикалық бюджет кірісі 13,77 трлн теңгені құрады. Бұл жылдық жоспардан 6,5%-ға кем. Үкіметтің жоспары бойынша 8 айда бюлжетке 14,7 трлн теңге қаржы түсуі тиіс еді.
Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, бюджет жоспары 93,5%-ға орындалған. Мемлекет қазынасына 8 айда түскен ақшаның 9,01 трлн теңгесі салық түсімдері. Салыққа қатысты жоспар 96,6% орындалған.
Сонымен қатар осы кезеңде салықтық емес түсімдер жоспардан артық түскен. Нақтырақ айтқанда, жоспар 141,4%-ға орындалып, бюджетке 530,23 млрд теңге түсті.
8 айда Ұлтттық қордан республикалық бюджетке трансферт ретінде 3,8 трлн теңге аударылған. Бұл қаржының 2 трлн теңгесі кепілдік берілген трансферт болса, қалғаны нысаналы қаржы.
Осы кезеңде бюджет шығыны 15,8 трлн теңгені құрады. Есепте үкіметтің қазына шығынын азайтқаны байқалады. Жоспар бойынша 8 айда 17,5 трлн теңге жұмсау жоспарланған.
Жақында Үкімет 2026 жылдың бюджетін бекітіп, парламентке ұсынды. Келер жылдың республикалық бюджетінде еліміздегі 20 өңірдің тек Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы донор ретінде орталық бюджетке 880 млрд теңге аударуға тиіс.