Қазақстанда салық төлеуге арналған бірыңғай платформа енгізілуі мүмкін

Қазақстанда салық төлеуге арналған бірыңғай платформа енгізілуі мүмкін. Бұл туралы вице-министр Ержан Біржанов Салық кодексін түсіндіру семинарында мәлімдеді.
Егер бірыңғай салықтық есепшот енгізілсе, қазақстандықтарға әрбір салықты бөлек төлеудің қажеті болмайды. Азаматтарға тек жалпы сома көрсетіліп, кейін министрлік өзі барлық төлемдерді тиісті кодтарға бөледі.
«Біз салық төлеу жүйесін жеңілдету, декларацияны автоматты түрде толтыру қағидатына көшуге бағыт алып келеміз. Біздің мақсатымыз – коммуналдық төлемдер сияқты дайын декларацияны ұсыну, ал сіздер тек келісіп, салық төлейсіздер. Болашақта әлеуметтік төлемдерді де қамтитын бірыңғай салықтық есепшотты енгізу жоспарда бар. Салық төлеуші тек бір реттік төлем жасайды, ал әрі қарай біз оны кодтарға бөліп таратамыз», – деді Біржанов.
Бұған дейін Қаржы министрлігі мен «Атамекен» «е-ТАМGA» жүйесін кезең-кезеңімен енгізуге келіскен болатын.