1,3 трлн теңгеден астам заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды – Асылов

1,3 трлн теңгеден астам заңсыз активтер мемлекетке қайтарылған. Бұл туралы өзінің Х әлеуметтік парақшасында Бас прокурор Берік Асылов хабарлады.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыру аясында олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді, оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті», – делінген прокурор жазбасында.
Бұл қаражаттың 375 млрд теңгесіне мынадай жобалар жүзеге асырылған:
- 207 су құбыры;
- 177 медициналық мекеме;
- 14 білім және спорт нысанының құрылысы басталған;
Қосымша 122 млрд теңгеге:
- 16 мектеп пен балабақша;
- 8 амбулатория мен аурухана;
- 13 спорт кешені;
- 16 мәдени нысан салынады.
Сонымен бірге Асылов олигополия субъектілерімен келісім жасалып, олармен елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттемелер қабылданғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, президент өз жолдауында Заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті болып өзгеретінін хабарлаған болатын.