Қазақстан халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау бойынша үндеу жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасының басшылары Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлесіп, соғыс кезінде ізгілікті сақтауға шақыратын мәлімдеме жасады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мәлімдемеде мемлекет басшылары бүкіл әлемдегі қақтығыстарда халықаралық гуманитарлық құқықтың (ХГҚ) кең ауқымда бұзылуына және оның салдарынан болып жатқан адамзаттық қасіретке алаңдаушылық білдірді. Олар барлық мемлекеттер мен қарулы қақтығыстардың тараптарын ХГҚ-ны, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды, азаматтық нысандарды, сондай-ақ медицина және гуманитарлық сала қызметкерлерін қорғауға қатысты тәртіпті сақтауға шақырды.

Сонымен бірге мемлекет басшылары 2026 жылы соғыс кезінде ізгілікті сақтауға арналған жоғары деңгейдегі жаһандық кездесу ұйымдастырылатынын жариялады.

Бұл мәлімдеме халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету аясында жасалды. Бастама ХГҚ-ның неғұрлым қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған. Құжат 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында бастамашы алты елдің СІМ басшылығы мен ХҚКК кездесуі барысында жарияланды.

Қазіргі уақытта бастамаға 89 мемлекет ресми түрде қосылды, ал 130-дан астамы жеті тақырыптық бағыт бойынша жаһандық және өңірлік консультацияларға қатысты.

Бірлескен мәлімдеме әлем жұртшылығын кеңінен хабардар ету мақсатында БҰҰ-ның алты ресми тілінде, сонымен бірге қазақ және португал тілдерінде жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы дебатта сөз сөйлейді.

Сондай-ақ оқыңыз