ҚазМұнайГаз бен америкалық LanzaJet авиациялық отын өндіретін зауыт салады

«ҚазМұнайГаз» және америкалық LanzaJet Қазақстанда авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салады. Техникалық-экономикалық негіздеме құжаты ресми түрде бекітілді. Енді нақты жобалау кезеңі басталады деп хабарлайды ҚМГ.
Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық LanzaJet технологиялық компаниясының басшылығымен кездесіп, құжаттарға қол қойды.
«Бұл жоба биологиялық отын нарығының дамуына, авиацияның экологиялық параметрлерін және еліміздің транзиттік әлеуетін жақсартуға оң әсерін тигізбек», – деп атап өтті Асхат Хасенов.
Бұған дейін ел нарығына арнайы талдау жүргізілген. Оған сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда авиациялық отынды тұтыну көлемі 70 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін.
SAF – экологиялық таза авиаотын. Оны әдетте і Jet A-1 авиакеросиніне қосып пайдаланады, сонда зиянды газдарды шығару 95%-ға дейін азаяды.
LanzaJet – SAF өндіру технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы компания. Кәсіпорын әлемнің ең ірі All Nippon Airways, British Airways және Virgin Atlantic сынды авиакомпаниялармен SAF жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасасқан.
Қазақстан авиация саласындағы серіктестік тек Америка ғана емес Қытаймен де кеңейтіп жатыр. Осы жылы жазда екі ел арасында жаңа 124 рейс ашылды.