Саясат Нұрбек: ҰБТ-ның мазмұны мен әдістемесі қайта қаралады

ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны толығымен қайта жаңарады, оған шетелдік мамандар тартылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Тоқаев АҚШ-қа сапары кезінде Educational Testing Service (ЕTS) атқарушы директоры Амит Севакпен жолықты. Кездесуде ұлттық тестілеуді жаңарту мәселесін талқылаған.
«ETS – әлемдегі ең көне сынақ жүйесі. Арнайы жұмыс тобы құрылып, ETS мамандарының қатысуымен ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны терең қайта қаралады. Әлемдік деңгейдегі үздік мамандар бірнеше кезеңнен тұратын жұмысқа тартылып, ҰБТ-ны ең озық әдістеме мен ең сапалы сұрақтарға негізделген халықаралық тестке айналдыру қолға алынады», – деді кездесу қорытындысы туралы министр Саясат Нұрбек
ETS (Educational Testing Service) — АҚШ-та орналасқан, әлемдегі ең ірі және беделді білім беру саласындағы тестілеу орталығы. Ұйым құрастырған тест 180-нен астам елде қолданылып, 9 мыңға жуық оқу орындары ETS тест нәтижелерін ресми қабылдайды. Әлем бойынша жыл сайын 50 млн-нан астам тест өткізеді.
Қазақстандағы түлектер ЖОО-ға түсу үшін міндетті түрде ҰБТ тапсырады. Биыл бұл тестен 210 мың талапкер өтті. Олардың 76%-ы қажетті шекті балл жинады.