«Қолдан арақ ашыттық»: Кеңес үкіметінде ішімдікпен күрес қалай жүрді?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дос Көшім, Ермұрат Бапи / Фото: «Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең» фильмінен скрин

1970-80 жылдары кеңес одағында ішімдікпен күрес науқаны жүрді. Бір сәтте Алматыдағы сыраханалар толық дерлік жабылып, ел қолдан арақ ашытуға көшеді. Журналист Асылхан Мамашұлы «Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең» деректі фильмінде Қазақстанда арақпен күрес қалай жүргенін баяндайды.

1986 жылы қаңтарда КПСС Орталық Комитеті «Маскүнемдік пен алкогольді тыю жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдайды. Ю.Андропов кезінде басталған ішімдікпен күрес науқаны кеңес одағындағы басты ұранның біріне айналды.

«Бізге өте ауыр тиді. Алматыда 250 сырахана бар еді. Бес жыл бойы сол сыраханаларда біраз өміріміз өтті ғой ашық айтқанда. Соның 25-і қалды. Өте қиын болды, қонақ келсе арақ таба алмайтындай жағдайға түстік. Бірақ ішімізден білеміз, арақты азайтудың, маскүнемдікке қарсы күрестің дұрыс екенін. Татарка деген жер бар ғой. Сол жақта түріктің әйелдері бір спирт алып, оны беске бөліп, арақ етеді. Соны сатып алып ішіп жүрген адамдар болды», – дейді фильмде сұхбат берген саясаттанушы Дос Көшім.

Арақпен күрес науқанының салдарынан сондай «жасанды арақтар» пайда болған. Бір сәтте елдегі ішімдік өндірісін сап тыю басқа салаларға да зиянын тигізген.

«Бұл әлгі иықтан шауып тастағандай әсер болды ғой. Бұрқыратып ішіп келген қоғамда сап тыйылды. Сап тыйылғанда бәрі бірден тыйылған жоқ біраз. Қолдан арақ ашыту, самогон қуу деген сияқты болды. Көлеңкелі сауда қатты жүрді, бәрібір болды. Арақ саудасы кеңес одағында негізгі он сектордың бірі болды. Соның салдарынан кейін алкогольдің айналымына үлкен соққы болды. Ауыл шаруашылығына, арпа өндірісіне, жүзім өндірісіне басқа да шарапқа қатысты өндірістерге әсері болды», – дейді журналист Ермұрат Бапи.

70-жылдардың соңына қарай кеңес үкіметінде ішімдік тұтыну рекордты деңгейге жеткен. Экономистердің дерегінше, 1984 жылы бір адам жылына 10 литрге дейін алкоголь тұтынған, ал көлеңкелі нарықты қосқанда бұл көрсеткіш 14 литрге дейін жеткен.

Ішімдікпен күрес деген науқанда қазір де болып тұрады. Осы жылы жазда Ақмола облысы Далабай ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерін бас тартқанын хабарлады. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бояулы ауылының сауда орталықтары да бес жылдан бері ішімдік сатуды доғарды.

Сондай-ақ оқыңыз