Тоқаев: Қазақстан АҚШ-пен мұнай жобаларындағы әріптестікті жалғастыруға ниетті

Қазақстан мұнай кен орындарындағы жобалар бойынша АҚШ-пен әрі қарай ынтымақтастыққа мүдделі және өз энергетикалық экспорттық бағыттарын әртараптандыруға ниетті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» барысында айтты.
АҚШ – Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор. Қазір Қазақстанда 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан екіжақты ынтымақтастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.
«Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы геосаяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды», – деді Тоқаев
Бұл ретте президент Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратынын атап өтті
«Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қазақстан мұнай саласындағы ірі инвесторлармен жасалған келісімдерді қайта қарайтыны хабарланған.