Әлем чемпиондары ағайынды Сабырхандарға Шымкенттен көлік пен пәтер берілді

Ливерпульде әлем чемпиондары атанған ағайынды Сабырхандарға Шымкент әкімдігі көлік пен пәтер сыйлады. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бокс және өзге де спорт түрлерінен Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті.
Әкім Қазақстан құрамасының Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында жеткен тарихи жеңісіне тоқталды.
Кездесу барысында ерекше құрмет ағайынды Сабырхандарға көрсетілді. Махмұд Сабырхан екінші рет әлем чемпионы атанса, небәрі 19 жастағы Төрехан Сабырхан тұңғыш рет әлем чемпионатының шыңына шығып, Қазақстан тарихында есімін қалдырды. Олардың жетістігін атап өткен қала әкімдігі ағайынды чемпиондарға көлік пен пәтер кілтін табыс етті.
Сонымен қатар әкімдік тарапынан өзге де спортшылардың жеңістері аталды. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль иеленсе, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев пен қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков те халықаралық додаларда топ жарды.
Еске сала кетейік, Ливерпульде қазақстандық боксшылар жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль олжалап, жалпы есепте бірінші орын алған еді. Мемлекет тарапынан әлем чемпиондарына 100 мың доллар сыйақы да берілгені туралы жазған едік.