Тоқаевтың Қытай мен АҚШ-қа сапары: екі елмен қандай келісімдер жасалды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біраз уақыт бұрын Қытайға жұмыс сапарымен барып, құны 15 млрд долларды құрайтын 70 келісімге қол қойылды. Ал АҚШ-қа сапары қандай нәтиже береді? Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екі сапардың маңыздылығына тоқталды.
«Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарында құны шамамен 15 млрд долларға тең 70 келісімге қол қойылды», – деді мемлекеттік кеңесші.
Қарин президенттің осы жолғы АҚШ сапары да айтарлықтай нәтижелі болатынына сенімді. Себебі алғашқы күннің өзінде президент бірқатар ірі компания басшыларымен кездесіп, келіссөздер өткізген.
«Президенттің осы жолғы АҚШ сапары да айтарлықтай табысты өтіп жатыр. Американың бизнес капитандарымен болашағы зор бірқатар жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Әңгіме Wabtec, PepsiCo, Amazon, Chevron және тағы басқа ірі компаниялар жайында болып отыр. Мәселен, Wabtec компаниясымен құны шамамен 4,2 млрд долларды құрайтын келісім жасалды. Инвестиция тарту бағытында табанды әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде», – дейді Қарин.