Сауда министрі: салық заңы күшіне енген уақытта баға аздап көтеріледі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енген уақытта, елде баға аздап көтерілуі мүмкін.
Министр 23 қыркүйектегі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында салық реформасының бағаға әсері туралы сауалға жауап берді. Шаққалиев жаңа жылда баға көтерілетінін жоққа шығармады.
«Біз экономика министрлігінің сараптамасына сүйенеміз. Салық салу әдісінің өзгеруінен бір сәтте 2,5-3%-ға дейін әсері болады», – деді сауда министрі.
Президент жаңа Салық кодексіне биыл 18 шілдеде қол қойды. Бірақ салық жеңілдігін алатын кәсіп түрлерінің тізімін үкімет әлі толық анықтап біткен жоқ. Өткен аптада «Қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі» жобасы жарияланды. Онда барлығы 990 қызмет түрі көрсетілген, яғни Қазақстанда шамамен 1090 код болса, соның жүз шақтысы ғана арнаулы салық тәртібімен жұмыс істей алады деген сөз. Мұндай жағдай елдегі кәсіпкерлердің көп бөлігінің наразылығын туғызды.
Осы уақытқа дейін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бірқатары арнаулы салық тәртібіне сай 4% мөлшерлемемен жұмыс істеп келді. Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлердің көбі мұндай салық жеңілдігінен айрылады.