Сиыр еті бұдан артық қымбаттамайды – Сапаров

Сиыр етінің бағасы енді өспейді. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылы мал басының өскенін, сәйкесінше ішкі нарық етпен толық қамтылатынын айтқан. Бірақ мал саны артқанымен, сұранысқа ие сиыр еті қымбаттап кетті.
«Нарық заңы бойынша ұсыныс артса, баға төмендеуі керек еді ғой. Неге олай болмады», – деп сұрады журналист.
Мұның себебін АШМ басшысы малдың өзіндік құнының өсуімен түсіндірді.
«Расында, мал басы 7,9 млн болған. Қазір 8,7 млн басқа жетті. Бұрын малдың тірі өлшеміндегі салмағының құны 1200-1300 теңгеге бағаланатын. Ал қазір бұл баға 1700-1800 теңгеге өсті. Бұған тариф бағасы, жанар-жағармай бағасы әсер етіп отыр. Сәйкесінше сойылған мал етінің бағасы шамамен 500 теңгеге өсіп отыр. Бұдан әрмен қарай өсім болмайды. Қазір фермерлер еттің келісін 3200-3500 теңге аралығында өткізіп жатыр», – деді Сапаров.
Еске сала кетсек, елде сиыр етті күрт қымбаттап кетті. Базарларда ет бағасы келісіне 4500 теңгеге дейін жетті. Сиыр етінің бағасын реттеу үшін үкімет бөл өнім түрінің экспортына квота енгізді. Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсуін тежеу шаралары қабылданатынын, бағаның бұдан ары қарай өсуіне жол берілмейтінін хабарлады.
Сиыр етінің қымбаттауына байланысты, құс еті қымбаттап кетуі мүмкін деген болжам бар. Бірақ Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тауық еті қымбаттамайтынын айтып, сендірді.