«Келешек мектептері» ұлттық жобасының қаржысы үнемді жұмсалып жатыр ма

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бюджетке салмақ салып жатқан жоқ. Қаржы барынша үнемді жұмсалып жатыр. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші Ғабит Малғаздаров осылай деп мәлімдеді.
Ғабит Малғаздаров биыл елде 208 «Келешек мектептері» салынатынын атап өтті. Бүгінге дейін соның 172-сі аяқталған. Қалғаны жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп сендірді.
«Жоба басталған кезде 105 млрд теңге үнемдедік. Құрылыс компаниялары мен жобалаушылар бірігіп, консорциумда жобаларды жасап, оны бізге жұмысқа беріп, әрі қарай сметалық құжаттарды дайындаған кезде бұл құжаттамаларды сәл үлкен бағалармен тапсырды. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, шартқа отырған кезде, қаржыны тағы да қысқарттық. Соның барлығын есепке алғанда қазіргі таңда бюджет қаражатының 156 млрд теңгесі үнемделді», – деді МалғаздаровKursiv Infrastructure Forum-ның кулуарында.
Ұлттық жоба аясында 217 заманауи білім ордасын салу жоспарланған. Бұл екі ауысымды оқу жүйесімен 460 400 жаңа оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 208 мектептің құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай дирекциясының басқаруымен жүзеге асырылуда. Жаңа мектептердің 40%-ы ауылдық жерлерде салынады. Жобаға бөлінген қаржы көлемі — 1,423 трлн теңге:
- 2023 жыл — 499,9 млрд теңге 100% игерілді
- 2024 жыл — 639,7 млрд теңге 100% игерілді
- 2025 жыл — 238,5 млрд теңге көзделген, оның ішінде 103 млрд теңге 100% игерілді. 2025 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша қалдық қаражат — 0 теңге.
Үнемделген қаржы қайда жұмсалды?
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төраға орынбасары үнемделген қаржы заң аясында бюджетке қайтарылатынын еске салды.
«Әрине 105 млрд теңге бюджеттен сұралмаған ақша. Біз оған өтінім берген жоқпыз. Мемлекеттік шығуға дейін біз осы қаржыны үнемдедік. Бюджетке ауырлық түсірген жоқпыз. Ал бюджеттен алынған ақшаның 40 млрд теңгесін үнемдеп қайтардық», – деді ол.
Айта кетейік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауқымды ұлттық жоба – «Жайлы мектеп» іске асырылып жатыр. Бұл оқушы орындарының тапшылығын, апатты мектептер мен үш ауысымды білім беруді шешуге бағытталған ауқымды жоба.
Еске салайық Астанада Kursiv Infrastructure Forum форумы өтіп жатыр.
Жиында инфрақұрылым жобалары ел экономикасының дамуына қалай әсер етіп жатқаны, көлік-логистика кешеніне салынып жатқан инвестициялар тақырыбы талқыланады.
Сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылым жобалардың нәтижесі, оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасының қалай жүзеге асып жатқаны айтылады.