Сүрілетін ескі үйлердің тұрғындары баспанасыз қалмайды – Алматы әкімі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сүрілетін ескі үйлерде 16 пәтер бар / фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сүрілетін ескі үйлерде 16 пәтер бар / фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сүрілетін ескі үйлердің тұрғындары баспанасыз қалмайды. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды осындай уәде беріп отыр.

Алматы әкімінің пікірінше, көшіру заңды әрі әділ болуға тиіс. Яблочков көшесін қайта жаңарту мақсатында қала билігі тұрғындарды көшіру жолын қарастырып жатыр.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 1950-жылдары салынған бұл ескі үйлерді аралап көрді. Тұрғындар қайта жаңарту мен көшіру жұмыстарын жеделдетуді сұрады.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, ескі үйлер сүріледі. Бірақ адамдар баспанасыз қалмауы тиіс. Сонымен қатар барлық шешім тек қана заң аясында қабылдануы керек.

«Барлық шешім заңды болу керек. Ертең прокуратура дау тудырмас үшін хаттамаларды тексереміз. Ең маңыздысы, тұрғындарға ыңғайлы әрі бізге жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретін шешім табу керек», – деді әкім.

Айта кететін жайт, Яблочков көшесінде орналасқан №1 және №3 үйлер Жетісу ауданында орналасқан. Ғимараттар 1953-1954 жылдары салынған. Дені – екі қабатты қаңқалы-қамысты. Жалпы, онда 16 пәтер бар. Бәрі сүрілетін ескі үйлер.

Үйлер әбден ескірген. Қабырғаларына сызат түскен. Сылақтары түсіп қалған. Іргетасы отырып, төбе мен қабырға арасында саңылаулар бар. Едендері қисайып, жаңбырлы күндері шатырдан тамшы ағады. Бұл ғимараттарға 70 жыл бойы күрделі жөндеу жасалмаған.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, қазір көшірудің түрлі нұсқасы қарастырылмақ. Ескі үйлердің иелері жаңа пәтердің Алматының қай ауданынан берілсе, риза екенін айтқан. Мәселен, Наурызбай ауданында дайын пәтерлер бар.

Мұның алдында Алматыда Alma Fest фестивалінде 130 тоннадан астам алма сатылғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз