Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі 2026 жылға дейін шешіледі – министрлік

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2026 жылға дейін апатты мектептер 70%-ға дейін қысқарады / Коллаж: kursiv.media,бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі 2026 жылға дейін толығымен шешіледі. Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Әділбек Мұсабаев осылай деп мәлімдеді.

Kursiv Infrastructure Forum-ның пленарлық сессиясында Мұсабаев алдымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы тек жаңа мектептер салумен шектелмейді. Бұл бастама жалпы білім беру жүйесін алға сүйрейтін қозғаушы күшке айналады деп сендірді.

« Басты мақсат алдағы 2–3 жылда еліміздегі барлық мектепті «Жайлы мектеп» деңгейіне барынша жақындату. Бұл жоба жалпы білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді ол.

Сондай-ақ, ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 2200-ден астам мектеп салынса, соңғы 5 жылда 1370 мектеп бой көтергенін атап өтті. Биылғы жылдың соңына дейін 232 мектептің құрылысы аяқталмақ, оның ішінде 112-сі – «Жайлы мектеп» стандарттарына сай салынады.

2026 жылға дейін елімізде үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Ал апатты мектептер 70%-ға дейін қысқарады. Қалғаны – шамамен 30 мектеп, олардың басым бөлігі ауылдық елдімекендерде орналасқан. Бұл мәселе кезең-кезеңімен 2026–2027 жылдары шешіледі. Қаржыландыру жергілікті бюджет пен білім беру бастамаларын қолдау қорының есебінен жүзеге асырылады», – деді Әділбек Мұсабаев.

Еске салайық Астанада Kursiv Infrastructure Forum форумы өтіп жатыр.

Жиында инфрақұрылым жобалары ел экономикасының дамуына қалай әсер етіп жатқаны, көлік-логистика кешеніне салынып жатқан инвестициялар тақырыбы талқылануда.

Сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылым жобалардың нәтижесі, оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасының қалай жүзеге асып жатқаны айтылады. 

Форум барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші Ғабит Малғаздаров «Келешек мектептері» ұлттық жобасының қаржысы қаншалықты үнемді жұмсалып жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз