Алматыда жылу және ыстық су үшін қарызды өсімпұлсыз өтеуге болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматыда жылу және ыстық су үшін қарызды акция аясында 31 желтоқсанға дейін өсімпұлсыз өтеуге мүмкіндік берілді / фото: «Алматы жылу жүйесі» ЖШС
Алматыда жылу және ыстық су үшін қарызды акция аясында 31 желтоқсанға дейін өсімпұлсыз өтеуге мүмкіндік берілді / фото: «Алматы жылу жүйесі» ЖШС

Алматыда жылумен жабдықтау қызметі бойынша өсімпұлды есептен шығару акциясы 31 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

Алматы жылу жүйесінің хабарлауынша,  борышкерлерге қарызын өсімпұлсыз өтеуге мүмкіндік берілген.

«Алматы жылу жүйесі» ЖШС жылу және ыстық су үшін берешегін өсімпұлсыз өтегісі келетін тұтынушыларға арналған «Қарызды төле – өсімпұлды алып тастаймыз!» акциясының жалғасып жатқанын хабарлайды. Науқан мерзімі шектеулі екенін еске саламыз, ол 2025 жылы 31 желтоқсанда аяқталады», – делінген хабарламада.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мәліметінше, осы уақытқа дейін 760 борышкер осы мүмкіндікті пайдаланған. Мұның арқасында жылу және ыстық су үшін қарыз болған тұрғындар өсімпұлдан құтылады. Сонымен қатар мүліктеріне салынған шектеулер мен тыйымдарды алып тастай алады.  Банктік шоттары бұғаттан шығарылады.

Ескерте кететін жайт, өсімпұл жылу мен ыстық суға берешегі толық өтелсе ғана кешірілмек. Ал берешегін өтемегендер жылу жүйесінен ажыратылып, қарызы сот арқылы өндіріледі.

Мұның алдында Қазақстанда коммуналдық тарифтер тағы 20-30%-ға қымбаттайтыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз