Гонконгқа жеткен «Рагаса» супертайфуны Тайвань мен Қытай үшін де қауіпті

Гонконгқа «Рагаса» атты жойқын супертайфун жетті. Осыған орай сейсенбі, 23 қыркүйек күні Гонконг бірқатар ұшақ рейсін бейсенбіге дейін тоқтатып тастады. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.
700-ге жуық рейс тоқтады
Дауылға байланысты Гонконг халықаралық әуежайы (HKIA) 23 қыркүйектен бастап 25 қыркүйектің таңына дейін жолаушылар рейсін қабылдамайды. Елге 36 сағат бойы ұшақ қатынамайды. Дауылға байланысты 700-ден астам рейс тоқтаған. Кеме порттары да жұмысын тоқтатқан. Билік халықтан үйден шықпай, қауіпсіз орындарды паналауды сұрады.
Тайфун кезінде желдің жылдамдығы 260 км/сағатқа жетуі мүмкін екені айтылады. Дауыл қуаты жағынан 5-ші санатқа жатқызылған. Дауыл теңіз толқындарын 3 метрге дейін көтеріп, қатты жаңбыр жауады деп күтіледі. Теңіз жағалауына жақын маңдарда жаңбыр мен дауылға байланысты су деңгейі 2 метрге дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Ал кейбір аудандарда су деңгейі 4-5 метрге бірақ көтерілуі мүмкін екені айтылады.
Қытай мен Тайваньға да жетеді
Тайфун 22 қыркүйек күні Филлиппин аралдарына жеткен болатын. Гонконгқа сейсенбі күні жеткен «Рагаса» Тайваньға және Қытайдың материктік бөлігіне жеткенше қуатын сақтайды деп болжанып отыр.
Жойқын дауыл кезінде Қытайдың Гуандун провинциясы қатты зардап шегуі мүмкін. Сол себепті Қытай билігі өңірден 370 мың адамды эвакуациялаған. Бұл аймақта мектептер жабылып, елдімекенде дауылдың алдын алу шаралары басталып кеткен. Синоптиктер бұл маңда теңіз толқындарының биіткігі 7 метрге дейін жетеді деп болжайды.
Еске сала кетсек, тамыз айының аяғында Қытайға «Кадзики» тайфуны жетіп, Ханой қаласын су басқан болатын. Ал 9 қыркүйек күні Гуандун провинциясына «Тапа» тайфуны жетіп, билік ондаған мың адамды эвакуациялаған болатын.