Қазақстанда жайлы мектептер неге қысқа мерзімде салынып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жайлы мектептердің құрылыс мерзімі 18–20 айдан 8–9 айға дейін қысқарды/ Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Samruk-Kazyna Construction компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров бір жылға жетпейтін уақыт ішінде жүздеген жайлы мектептің қалай салынғанын айтып берді.

пикер бастапқыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асуына көпшілік күмәнмен қарағанын айтады. Алайда команда бұл жобаны табысты аяқтап, керісінше дәлелдеген.

«Біз бұл істі тез, үнемді әрі Мемлекет басшысының тапсырмасын уақытында орындап шықтық. Ең бастысы – болашақ ұрпақ үшін қолайлы оқу ортасын жасадық. Мұндай нәтижеге қалай жеттік? Ең алдымен, EPC-келісімшарттар механизмін енгіздік. Ол бұған дейін әлеуметтік жобалар мен бюджет есебінен жүзеге асатын инвестицияларда мүлде қолданылмаған», – деді Малғаздаров Kursiv Infrastructure Forum алаңында.

Осы тәсілдің арқасында мектептердің жобалау және құрылыс жұмыстары қатар жүргізіліп, құрылыс мерзімі 18–20 айдан 8–9 айға дейін қысқарды. Алғашқы мектептердің құрылысы 2023 жылдың соңында басталып, 2024 жылы-ақ алғашқы 104 мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылдың 1 қыркүйегінде тағы 172 мектеп ашылды, қалған 36 мектеп жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров жайлы мектептер жобасында мемлекеттік қаражат қалай үнемделгенін де түсіндіріп өтті.

«Біріншіден, біз бюджет қаражатын үнемдедік… 105 млрд теңгеге оңтайландыру жүргізіп, жалпы 156 млрд теңге үнемделді. Бұл – жобалау мен құрылыс қатар жүргенінің нәтижесі. Кейбіреулер біз жобасыз іргетас құйып бастадық дейді. Бұл – шындыққа жанаспайды. Жобалар болған, құрылыс алаңдарында сызбалар да болды. Тек сметалық құжаттар болмағанын мойындаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ ол келісімшарттарда 50% көлемінде алдын ала төлем қарастырылғанының маңызы зор болғанын атап өтті. Соның арқасында құрылыс материалдары 2023 жылдың өзінде сатып алынып, бұл да айтарлықтай үнемдеуге себеп болған.

«Әр нысанда үш техникалық қадағалау маманы жұмыс істеді. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды болған емес. Біз үшін сапа – бірінші орында болды, құрылыс жылдамдығына қарамастан», – деді Малғаздаров.

Оның айтуынша, жобаның толық цифрлануы да маңызды рөл атқарған. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, құқық қорғау органдарына кез келген уақытта жүйеге кіріп, құрылыс пен қаржы барысын бақылауға мүмкіндік берді.

Осыған дейін Ғабит Малғаздаров «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысы қалай қадағаланатынын айтып берген еді.

Еске салайық Астанада Kursiv Infrastructure Forum форумы өтіп жатыр.

Жиында инфрақұрылым жобалары ел экономикасының дамуына қалай әсер етіп жатқаны, көлік-логистика кешеніне салынып жатқан инвестициялар тақырыбы талқылануда.

Сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылым жобалардың нәтижесі, оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасының қалай жүзеге асып жатқаны айтылады. 

Сондай-ақ оқыңыз