Қазақстан 2040 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін екі есеге арттырмақ

Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылып, 2040 жылға дейін өңделген мұнай көлемі 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға жетпек. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің зауыт директорларымен кездесуі барысында айтылды.
Жиында 2040 жылға дейін мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында өндіріс қуатын арттыруға бағытталған жобаларды жеделдету мәселесі қаралды. Министрдің айтуынша, Үкімет бекіткен құжатқа сәйкес, елімізде мұнай өңдеу көлемі жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.
Шымкент МӨЗ-інде қуаттылықты 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін жеткізу үшін шетелдік серіктестермен бірлескен жоба іске қосылады. Осы мақсатта Бейжіңде CNPC компаниясымен келіссөздер жүргізу жоспарланған.
Павлодар МӨЗ-інің қуатын 9 млн тоннаға дейін көтеру, ал Атырау МӨЗ-де өндірісті жылына 6,7 млн тоннаға дейін арттыру және жөндеу аралық кезеңдерді ұзарту жобалары талқыланды.
«Әрбір мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жобасы менің жеке бақылауымда. Мақсатымыз – елді толық отандық өніммен қамтамасыз етіп, экономикалық сенімділікті қалыптастыру», – деді министр.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Kursiv Infrastructure Forum барысында шикізатты терең өңдеу арқылы ЖІӨ көлемін үш есе арттыруға болатынын айтқан.