ForteBank Home Credit Bank акцияларының 26,8%-ын сатып алды

Қазақстандағы активтері бойынша төртінші ірі банк – ForteBank Home Credit Bank-тің 26,8% акциясын сатып алды. Бұл ақпарат AIX алаңында жарияланған құжатта көрсетілген. Алғаш болып бұл дерекке Telegram-арна авторы Арман Батаев назар аударды.
Құжатта «ForteBank акционерлік қоғамы Home Credit Bank-тің орналастырылған және дауыс беретін акцияларының 26,8%-ын сатып алды» делінген.
23 қыркүйекте Home Credit Bank-тің ForteBank-ке сатылғаны белгілі болды. Алайда KASE жариялаған құжатта ForteBank үлесінің нақты көлемі көрсетілмеген еді.
Бұған дейін маусым айында ForteBank Home Credit Bank-тің 100% акциясын сатып алу туралы алдын ала келісімге қол жеткізгенін хабарлаған. Ал 13 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Болат Өтемұратовтың Home Credit Bank-тің ірі жанама акционері болуына келісім берді. Осыдан кейін ForteBank банктік холдинг мәртебесін алып, қаржы ұйымының үлесін өз құрылымдары арқылы иелену құқығына ие болды.
Бастапқыда екі банк тәуелсіз жұмысын жалғастырады деп жоспарланғанымен, кейін ForteBank Home Credit Bank-ті толық біріктіру мәселесін акционерлер қарауына шығарды.
Forbes дерегінше, Болат Өтемұратовтың байлығы 3,7 млрд долларды құрайды, бұл оны Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде алтыншы орынға шығарады.
Бұған дейін Home Credit Bank Чехияның ең бай әйелі Рената Келлнерова мен оның басқарушы серіктесі Иржи Шмейцке тиесілі болған. Келлнерова — 2021 жылы әуе апатынан қаза тапқан PPF тобының бұрынғы иесі Петр Келлнердің жесірі. Forbes мәліметінше, оның байлығы 19 млрд долларды құрап, әлемдік рейтингте 104-орында тұр.