Микроқаржы ұйымдары жарты жылда 49,5 млрд теңге таза пайда тапты

Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) таза пайдасы 2025 жылдың алғашқы алты айында 1,6%-ға төмендеп, 49,5 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінде 50,3 млрд теңге болған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінде жазылған.
Статистикаға сәйкес, сектор активтері қаңтардан бері 13%-ға өсіп, 1,93 трлн теңгеге жетті. Несие портфель де осындай деңгейде ұлғайып, 1,52 трлн теңгені құрады.
Сонымен бірге, несие сапасына қатысты тәуекелдер байқалады. Төленбегеніне 3 айдан асқан қарыз көлемі алты айда 18,3%-ға өсіп, 101 млрд теңгеден 109 млрд теңгеге жеткен.
Жалпы уақытынан кешіктірілген қарыз көлемі 295,6 млдр теңгеден 348,3 млрд теңгеге жеткен.
Салада құрылымдық өзгерістер де жүріп жатыр. Жазда KMF пен BNK Finance банк лицензиясын алып, ресми түрде банкке айналды.