Ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төлеу мәселесі қайта қаралуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото:kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банктердің ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төлеуіне рұқсат беру мәселесі қаралуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Bloomberg-ке берген сұхбатында айтқан. Тыйым 2019 жылдан бері қолданылып келеді.

Bloomberg дерегінше, қазір елдегі компаниялардың ағымдағы шоттарында 6,11 трлн теңге, ал халықтың шотында 3,49 трлн теңге жинақталған.

Экономист Ғалым Құсайынов бұл бастаманы бұрыннан қолдап келеді. Оның пікірінше, банктер ағымдағы шоттардағы қаражат арқылы қосымша өтімділікке ие болады. Сондай-ақ валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерге қойылған шектеулер банктерге едәуір табыс әкелгенін айтады.

Құсайыновтың есебі бойынша, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында банктер осы артықшылықтың арқасында 630 млрд теңге тапқан, бұл олардың таза пайдасының 38%-ын құрайды.

Сонымен қатар Жұманғарин қарыз алушылардың қарызға қызмет ету коэффициентін төмендетуді де ұсынды: қазіргі 50%-дан 30%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бұл қадам несие төлемдерінің ай сайынғы көлемін шектеуді көздейді.

Мемлекеттік кірістер органдарының дерегі бойынша, Қазақстанда тіркелген 426 642 заңды тұлғаның 1 294 610 банктік шоты бар.

Сондай-ақ оқыңыз