Жұманғарин: Инфляцияға бола экономика өсімін тежеу – қате

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Инфляцияны жасанды түрде, қолдан төмендету экономиканың даму қарқынын баяулатады. Ал оны қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болады. Вице-премьер Серік Жұманғариннің Kazakhstan Growth Forum барысында айтқан сөзін BES.media басылымы келтіреді.

Жұманғариннің айтуынша, Қазақстандағы қазіргі инфляция елдің дамуы мен экономиканың кеңеюімен байланысты. «Инфляцияны 5%-ға түсірейік, содан кейін қайта өсеміз» деген пікірлерге ол қарсы екенін жеткізді.

«Мұндай тәсілді мен де, әріптестерім де қолдамаймыз. Біздің экономика өзара байланысты, Қазақстан жеке арал емес», – деді ол.

Оның сөзінше, инфляцияны қысқарту шаралары экономикалық өсімді баяулатады, ал оны қайта жандандыру үшін бірнеше жыл кетуі мүмкін.

«Қазіргі саясат ең алдымен өсімді сақтауға бағытталған. Біз ұсыныс экономикасынан сұраныс экономикасына өттік. Бұл – еліміздің экономикалық құрылымына байланысты. Сондықтан өсімді тоқтатуды қолдайтындарға осының өзі жауап», – деп түсіндірді Жұманғарин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инфляцияның Қазақстан экономикасындағы басты түйткіл екенін атап өткен. Оның айтуынша, бағаның қымбаттауы экономикалық көрсеткіштер мен халық табысын төмендетіп отыр.

Мемлекет басшысы дайын шешім жоқ екенін және инфляция көптеген елде өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Бірақ Қазақстанда бағаның өсуі ерекше өткір сипат алып, елді «макроэкономикалық тұйық шеңберге» түсіргенін атап өтті.

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, биыл инфляция 11–12,5% деңгейінде, ал экономикалық өсім 6,5% шамасында қалыптасуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз