Нұрлан Смағұлов Қазақстандағы автоөндірісіне 16 млн доллар салған

Astana Group компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов елдегі автоөндірісті 50%-ға дейін жергіліктендірмекші. Бұл мақсаты туралы Алматыда өтіп жатқан Kazakhstan Growth Forum экономикалық форумында айтты.
Кәсіпкердің сөзінше, осы мақсатқа жету үшін Алматыдағы жаңа автозауытта бірнеше қосымша цех салуға тура келген.
«Бүгінде біз орындықтар жасаймыз, шығару жүйесін, жылыту және салқындату жүйелерін, мультимедиа жабдықтарын өндіре бастадық», – деп атап өтті Смағұлов.
Миллиардердің айтуынша, өндірісті жергіліктендіруге 16 млн доллар инвестиция салған.
«Келесі жылы да инвестициялар болады. Енді сым, кабель, қаптамалар жасаймыз, орындықтарға қаптауыштар тігеміз», – деді кәсіпкер.
Автоөндірісті жергілікті бизнес те көмектесіп, шағын зауыттар салып жатыр. Мәселен, Алматы облысының Жамбыл ауданында автокілемшелер шығаратын QazElastoPlast зауыты ашылады. Сондай-ақ SLP лак-бояу зауытының құрылысы жоспарланған.
«Біз оффтейк-келісімшарттар, 5 жылға жақсы тапсырыстар бере аламыз. Қазақстандық бизнесті біздің зауыттарға автобөлшектер өндіруге шақырамыз», – деді Смағұлов.
Алайда ол ұсынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы жоғары болуы тиіс екенін атап өтті, себебі оның барлығы автозауыттың өзінде тексеріледі.
Еске салайық, 15 қыркүйекте Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорын Chery, Changan, Haval автокөліктеріне арналған құрамдас бөліктерді шығарады. Нұрлан Смағұлов жаңа автокөліктің ашылуына байланысты көлік бағасын түсіруге уәде берді.