Путин мен Зеленский Қазақстанда кездесе ме – сарапшы пікірі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сайын Борбасов Путин мен Зеленскийдің кездесуі қайда өтетіні туралы пікір білдірді / фото: KursivMedia мұрағаты
Сайын Борбасов Путин мен Зеленскийдің кездесуі қайда өтетіні туралы пікір білдірді / фото: KursivMedia мұрағаты

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстанда кездесу өткізуді ұсынды.

Зеленскийдік сөзіне қарағанда, Путинмен кездесу алаңы ретінде Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар, Аустрия мен Швейцарияны ұсынған. Путин Қазақстанды таңдаса, Зеленский бұған дайын екенін жеткізді.

Саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов соғысып жатқан екі ел басшыларының Қазақстанда кездесу мүмкіндігін ой елегінен өткізіп, сараптап көрді.  

Тоқаев пен Зеленскийдің кездесуі не берді?

«Біздің президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркқа – БҰҰ ассамблеясының сессиясына барды. Сол кезде көп адамдармен кездесті. Оның арасында Украина президенті Владимир Зеленский де болды. Бүкіл әлемдік қауымдастық «Қазақстан Ресей жағында, Украинаны қолдамайды, қарым-қатынасы жоқ» деген әңгімені көп айтты. Тіпті, Қазақстанға санкция салуды ұсынғандар да бар. Зеленскиймен кездесу Батысты тыныштандырды», – дейді саясаттанушы.  

Сайын Борбасовтың пікірінше, Қазақстан халқының бәрі болмаса да, басым көпшілігі Украинаны қолдайды.

Кездесу Қазақстанда өте ме?

Саясаттанушының пікірінше, Зеленский мен Путин Қазақстанда кездесуі әбден мүмкін. Өйткені, Қазақстанның Украинамен де, Ресеймен де қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан Астанада немесе Алматыда кездесуі өткізерін жоққа шығаруға болмайды.

«Бірақ олар Қазақстанға келіп кездесе қоюы екіталай. Себебі, Қазақстанда кездессе, онда Қазақстанға бүкіл Еуропаның да басшылары келуі керек болады. Еуропасыз, АҚШ-сыз мәселе шешілмейді. Зеленский мен Путин алдын ала бір мәселелерді талқылаймыз, жеке кездесіп алайық десе, онда Қазақстанның Астанасы екі ел басшыларының кездесу алаңына айналуы әбден ықтимал», – дейді Сайын Борбасов.  

Еуропа немесе Түркия

Сарапшының айтуынша, соғысушы тараптар бұл мәселені енді ғана көтеріп жатыр. Десе де, бұл кездесу Еуропада немесе Түркияда өтуі мүмкін.

«Ресей мен Украина арасындағы жанжалға қатысты Еуропаның мүддесі күшті. Өйткені, Ресей Еуропаға үлкен қауіп төндіріп тұр. Еуропаның демократиясына қауіп төнеді. Ресей жеңсе, демократиялық құндылықтар тас-талқан болатын жағдайға жетуі мүмкін. Украинадан кейін арғы жағында Польша тұрады. Кремль «Польшаның тең жартысы – Ресейдің жері» деп ашық айтты», – дейді Сайын Борбасов.  

Зеленский қазір екі жаққа – АҚШ пен Еуроодаққа тәуелді. Қару-жарақ пен қаржы беріп жатқан тараптар осы.

Зеленский Еуроодаққа қарайлайды

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда Еуроодақ Украинаға АҚШ-тан да көп көмек беріп жатыр. Жуырда Еуроодақ бір жылда 45 млрд еуро көлемінде жәрдем беруге шешім қабылдады. Бұрын Байденнің кезінде АҚШ-та осы көлемде көмек көрсетіп келді.

«Қазір мұнша көлемде қару-жарақ береміз, бірақ ақшасын Еуроодақ төлесін» деп отыр. Зеленский қазір «120 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша табу керек, 60 млрд-ты өзіміз табамыз. Қалғаны сыртқы көмек болуы тиіс. Онсыз біз соғыста жеңіліп қаламыз», – деп ашық айтып отыр», – дейді саясаттанушы.  

Оның пікірінше, Қазақстан қанша татуластырғысы келгенімен, Зеленский Еуроодаққа қарайлайды. Еуропаның мүддесі мен талаптарын еріксіз орындайды. Сондықтан, тараптардың кездесуі Еуропа мемлекеттерінің бірінде немесе АҚШ-та өтуі мүмкін.

Сондай-ақ Песков Зеленский мен Путинді Қазақстанда кездестіру туралы сауалға жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз