Астанада отбасы институтын нығайту мәселесі талқыланды

Жарияланды
SMM бөлімінің редакторы
Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институты

Елордада Президент Жолдауына орай «Отбасы басты назарда: қазіргі сын-тегеуріндер мен бағдарлар» атты SARAP эксперттік клубының отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Жиында сарапшылар отбасы институтын дамыту мен нығайтуға қатысты мәселелерді, әлеуметтік-экономикалық және мәдени сын-тегеуріндерді талқыға салды.

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Рахимов елімізде адами капиталды дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы 7 негізгі бағытты қамтыды. Басты басымдықтардың бірі ретінде адами капиталды дамыту қажет екені ерекше атап өтілді. Ал отбасы – осы адами капиталдың өзегі, қоғамның берік іргетасы. Сондықтан демографиялық үдерістерді терең зерттеп, болашақты ескеріп шешімдер қабылдауға айрықша мән беру қажет», – деді ол.

ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Гүлдана Өтеулина отбасы құндылығы трансформацияланып жатқанын жеткізді.

«Қазір отбасылық дәстүрлердің формасы біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Ұжымдық сипаттан жекеленген бағытқа қарай бетбұрыс бар: азаматтар алыс туыстарымен қарым-қатынасты сиретіп, жеке шекараға, эмоциялық жақындыққа және теңдікке көбірек мән береді. Жас отбасылар саналы қарым-қатынасқа негізделген жаңа тәжірибеге ұмтылады. Дегенмен бұл олардың дәстүрлерден бас тартқанын емес, қазіргі әлеуметтік жағдайларға бейімделіп жатқанын көрсетеді», – деді Өтеулина.

Қатысушылар биылғы Президент Жолдауында айтылған мәселелерді де талқыға салды.

«Skills mismatch – әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі. Өйткені университет түлектері бітірген кейбір мамандықтар еңбек нарығы сұранысына сәйкес келмейді. Бұл құбылыс Қазақстанда да бар. Мысалы, жастардың бір бөлігі жоғары оқу орнын үздік тәмамдаса да, нақты секторда жұмыс таба алмайды. Жұмысшы мамандықтарына тапшылық сезіледі. Сондықтан Жолдаудағы білім сапасын арттыру мен кәсіби бағдарлау бастамасы skills mismatch мәселесін шешуге бағытталған», – деді «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Ақнұр Тұрдалиева.

Жиын соңында қатысушылар гендерлік саясат ұғымының аясын кеңейтіп, оны отбасы саясаты ұғымымен ұштастыру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ сарапшылар отбасы институтын нығайту және саладағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Сондай-ақ оқыңыз