Израиль АҚШ-тың арқасында УЕФА дан шығарылмайтын болды

АҚШ-тың қолдауының арқасында Израиль УЕФА тарапынан мүмкін болатын санкциялардан құтылып кетті. Бұл туралы Israel Hayom басылымы жазды.
Бұған дейін дәл осы басылым 23 қыркүйекте УЕФА Атқарушы комитеті Израильдің ұлттық құрамасы мен клубтарын ресми турнирлерден шеттетуі мүмкін деген хабар таратқан болатын. Ол кезде бастамашы ретінде футбол әлемінде ықпалды саналатын Катардың аты аталған. Айта кетейік, 9 қыркүйекте Израиль Қатар астанасына соққы жасаған еді.
Israel Hayom Израильдің УЕФА-дағы орнын сақтау «дипломаттардың, футбол қауымдастықтарының өкілдерінің және спорттағы беделді тұлғалардың күш-жігерінің арқасында» мүмкін болды деп көрсетеді. Әсіресе АҚШ-тың ресми тұлғалары ерекше рөл атқарғаны айтылады.
«Көптеген израильдік және халықаралық дипломаттар, футбол қауымдастықтарының басшылары мен спорттық шенеуніктер Израиль футбол қауымдастығының мүддесі үшін жұмыс істеді. Бұл процеске АҚШ өкілдері де тартылып, УЕФА басшылығын қазіргі жағдайды өзгертпеуге шақырды. Сол себепті Израильді УЕФА-дан шығару мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», – деп жазады Israel Hayom.
Алайда УЕФА ресми сайтында 23 қыркүйекте Атқарушы комитеттің отырысы өткеніне ешқандай дәлел жоқ. Ұйымның күнтізбесіне сәйкес, келесі жиын 2025 жылдың 3 желтоқсанында өтуі тиіс.
Сол күні, 23 қыркүйекте, тек БҰҰ сарапшыларының мәлімдемесі жарияланды. Сегіз сарапшы, оның ішінде Палестина бойынша арнайы баяншы Франческа Альбанезе де бар, ФИФА мен УЕФА-ға Израильдің клубтары мен құрамасын халықаралық жарыстардан шеттетуге шақырды. Олар мұны «оккупацияланған палестиналық аумақта жалғасып жатқан геноцидке жауап ретінде» жасау қажет деп мәлімдеді.