Зейнетақы қорынан тіс емдеуге заңсыз ақша шығарып алғандар жазаға тартыла ма?

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) зейнетақы жинағындағы артық ақшаны жалған стоматологиялық қызмет арқылы алған қазақстандықтар ешқандай жазаға тартылмайтыны мәлімдеді. Қылмыстық іс қаржыны заңсыз шығаруға көмектескердердің үстінен қозғалған. Бұл туралы Мәжіліс куруларында ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
Бұл қылмыстық істе жәбірленуші ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) танылған. Ал негізгі айыпталушылар – ақшаны жалған тіс емдеу қызметі арқылы заңсыз шығаруды ұйымдастырған тұлғалар.
«Қор бұл қаржыны инвестициялап, салымшының зейнет жасына дейін пайда табу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан жәбірленуші тарап – зейнетақы қоры. Бұл ретте азаматтарға біз ешқандай талап қоймаймыз. Олар өз ақшасын, мерзімінен бұрын алғаны рас. Бірақ қаржыны заңсыз шығарумен тікелей айналысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді ҚМА төраға орынбасары Жеңіс Елемесов.
Олар ешқандай құрал-жабдығы жоқ стоматология ашып, лицензияны заңсыз алған. Жалған құжат жасап, соның арқасында зейнетақы қорынан миллиардтаған қаржы шығарылды. Тергеу барысында осы жалған лицензия берген мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
Зейнетақы жинақтарын заңсыз пайдалануға қатысты алаяқтық әрекеттер жиілеп кеткендіктен, болашақта бұл қаражатты тіс емдеуге жұмсауға мүлде тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.