Қырғыз-қазақ шекарасында жемқорлыққа айыпталған 24 шенеунік ұсталды

Қырғыз-қазақ шекарасындағы сыбайлас жемқорлық схемалары үшін Қырғызстанның 24 мемлекеттік қызметкері ұсталды. Бұл туралы елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) баспасөз қызметі хабарлады.
«Чалдовар – автокөлік бақылау-өткізу бекетінде тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген бірқатар лауазымды тұлғалар ұсталды», – деп мәлімдеді ведомство.
ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиев аталған өткізу бекетіндегі жағдай бойынша кеңес өткізді. Онда салық, шекара қызметі, сондай-ақ ветеринарлық, фитосанитарлық бақылау және көлік саласындағы салмақ-габариттік бақылау мемлекеттік инспекциясы қызметкерлерінің сыбайластығы әшкереленген.
«Белгілі болғандай, шенеуніктер жекелеген «делдалдармен» келісімге келіп, ЕАЭО-дан тауарды заңсыз әкелу үшін сыбайлас жемқорлық жүйесін құрған. «Делдалдар» жүк иелерінен контрабандалық тауар тиелген әрбір жүк көлігі үшін 2 мың долларға дейін ақша алған. Бұл схемаға Чалдовардың жергілікті кеңесінің бір депутаты мен Өзбекстан азаматы да қатысқан. Соңғысы өзінің компанияларын контрабанда үшін пайдаланған», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Тергеу нәтижесінде жеті салық қызметкері, алты шекарашы, жеті фитосанитарлық қызмет өкілі және Көлік министрлігінің салмақ-габариттік бақылау инспекциясының төрт қызметкері ұсталды.
Ташиевтің айтуынша, осындай схемалар басқа өткізу бекеттерінде де – «Ақ-Жол – автокөлік» және «Ақ-Тілек – автокөлік» нүктелерінде анықталған. Оның тапсырмасына сәйкес, кінәлілердің барлығы қызметтен босатылып, қамауға алынады, сондай-ақ олардың мүлкіне тыйым салынады.