Ресейге тәуелділікті азайтпақ: Қазақстан жаңа мұнай бағыттарын дамытып жатыр

Қазақстан Ресейге тәуелділікті азайту үшін мұнай тасымалын әртараптандырып жатыр. Бұл туралы Бакуде өткен «Каспий және Орталық Азия – мұнай өңдеу, мұнай-химия, сауда және логистика» атты шарада Energy Intelligence Group сарапшысы Жюльен Матоньер айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан мұнай экспортын Каспий теңізі арқылы көбейтіп, Ресейге тәуелділікті төмендетуге тырысып жатыр. Қазір елдің жоспары – мұнайды Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры арқылы жеткізуді арттыру.
Қазір бұл көрсеткіш жылына шамамен 1,5 млн тонна болса, болашақта 20 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. 2024 жылы 1,4 млн тонна тасымалданса, 2025 жылы 1,7 млн тоннаға жетуі күтіледі.
Сондай-ақ сарапшы Қазақстанның «Орталық дәлізді» дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
Ел теміржол инфрақұрылымын кеңейтіп, Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік хабқа айналуды жоспарлап отыр. Бұл дәліз Ресей арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға балама болмақ.
Бұған дейін Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Венгрияға мұнай экспорттайтыны хабарланған.