Instagram-дағы қарапайым ұтыс ойынын ұйымдастырғандар 7 жылға сотталуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Лотерея мен ұтыс ойыны екі түрлі нәрсе / Фото: shutterstock

Заңгер Индира Өмірзақова Қазақстанда заңды ұтыс ойыны мен заңсыз лотереяның айырмашылығы неде екенін түсіндірді.

Қазақстанда көлік, пәтер, iPhone ұтыстары маркетингтің үйреншікті құралына айналған. Мұндай акциялар жүздеген мың адамды тартып, компанияларға танымалдық әкеледі. Алайда оның артында үлкен тәуекелдер бар. Заңгер Индира Өмірзақова мұндай акциялардың бәрі бірдей заңды емес екенін және кейбірі қылмыстық тергеуге себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Лотерея мен ұтыс ойыны екі түрлі нәрсе

Кез келген бизнес білуге тиіс басты нәрсе, заңнама тұрғысынан лотерея мен ұтыс ойыны бірдей емес.

«Лотерея – бұл қатаң реттелетін қызмет түрі. Оны тек мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдастырушылар ғана өткізе алады, ал барлық талаптар «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» арнайы заңда жазылған. Егер компания лицензиясыз ақша жинап, жүлде уәде етсе, бұл тікелей заңбұзушылық. Біреу ұтыс ойыны түрінде ақша жинаса. бұл заңсыз лотерея болып есептеледі. Мұндай әрекет үшін әкімшілік айыппұл немесе елеулі залал келтірілген жағдайда – Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – дейді ол.

Заңгер клиенттер мен жазылушылар арасында өткізілетін ұтыс – заңды маркетинг құралы бола алатынын айтады. Мұндай жағдайда арнайы рұқсат қажет емес. Бірақ бұл жерде де бірқатар ережелерді сақтау маңызды. Атап айтқанда қатысу үшін ақы алмау, жүлдені өз қаражатыңызға сатып алу, кепілді пайда уәде етпеу және акцияның шарттарын нақты жазу қажет.

«Көп жағдайда бизнес өз акциясын «ұтыс ойыны» деп атайды, бірақ шын мәнінде заңсыз лотерея өткізеді. Ал бұл тек әкімшілік емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін», – дейді Өмірзақова.

Заң бұзғандарға қандай жаза?

ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабына («Құмар ойындарды және лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және өткізу») сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Егер мұндай әрекеттерден алаяқтық белгілері анықталса, мысалы, ұйымдастырушылар жүлде беруді бастапқыда жоспарламаған болса, онда ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша жаза қаталдау, 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру көзделген.

Ал бір топ адам алдын ала сөз байласу арқылы не азаматқа елеулі залал келтіріп жасаса, онда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ұтыс ойынын заңды өткізу тәртібі

Заңгерлер бизнес өкілдеріне келесі жайттарға мұқият болуға кеңес береді:

  • Қатысушылардан ақша жинамай, тегін ұтыс өткізу;
  • Қатысу шарттары мен жүлде беру тәртібін ашық әрі нақты көрсету;
  • «Кепілді пайда» немесе «міндетті жеңіс» сынды уәделер бермеу;
  • Жарнамада бұл лотерея емес, маркетингтік акция екенін нақты көрсету.

«Егер ұтыс қандай да бір брендке назар аударту мақсатында өткізіліп, заңның негізгі талаптарын бұзбаса, ол толықтай заңды болып саналады. Бірақ бір шектен шығып кетсе, бизнес қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – деп атап өтті Индира Өмірзақова.

Осыған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев Supermamasitа, Darhanzholshybekov, Justking31, AminaXO инстаграм парақшаларының иелері халықты заңсыз лотереялық схемаға тарту жолымен ақша тауып жатқанын айтқан болатын.

Еске сала кетсек, Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың үстінен заңсыз лотерея ойнату фактісі бойынша сот жүріп жатыр. Енді блогерлерге қатысты әкімшілік іс тоқтап, қылмыстық іс қозғалғалы жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыз