Трамп Түркия президенті Ердоғанмен кездесті

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанға Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтату жайын сөз етті . Мұндай қадам жасалған жағдайда Вашингтон Анкараға қарсы санкцияларды алып тастауы мүмкін екенін және түрік тарапының америкалық заманауи әскери ұшақтарды сатып алуына жол ашылатынын айтты.
25 қыркүйекте Вашингтондағы Ақ үйде өткен кездесу барысында Трамп:
«Ең дұрыс шешімі – Ресейден мұнай мен газ алмауды тоқтату болар еді», – деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер Түркия Мәскеумен энергетикалық байланысты азайтса, онда АҚШ Анкараға бесінші буын F-35 жойғыштарын сатуға және бұрын қойылған шектеулерді алып тастауға дайын. Сонымен қатар Түркияның төртінші буын F-16 ұшақтарын көбірек сатып алуға қызығушылық танытып отырғаны айтылды.
Еске сала кетсек, Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне қарсы америкалық санкциялар Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде енгізілген еді. Бұған себеп – Анкараның Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алуы. Бұл қадам АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынаста елеулі шиеленіске әкелген болатын.
Өз кезегінде Ердоған Ресеймен сауда мәселесіне қатысты нақты мәлімдеме жасамады. Дегенмен, АҚШ президентімен әскери ұшақтар – F-35 пен F-16 бойынша келіссөздер жүргізуге ниетті екенін жеткізді.