Алматыда жаңбыр кезінде опырылып кеткен көше үшін мердігер жауапқа тартылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ямы на дорогах
Аманжол көшесіндегі жағдай үшін мердігер жауапқа тартылады. / Коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда 16 қыркүйек күнгі жаңбыр кезінде опырылып кеткен Аманжол көшесіндегі жағдай үшін мердігер жауапқа тартылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көшеда инженерлік желілерді жүргізу жұмысымен «СпецСтрой Групп ЛТД» ЖШС айналысқан. Жаңбырдағы апаттан кейін, Қала құрылысын бақылау басқармасы компанияға жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Басқарма Саин, Шаляпин, Яссауи және Жандосов көшелерінің аумағында инженерлік желілерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың құрылыс нормасын бұза отырып жүргізілгенін анықтаған.

«Тексеріс барысында «СпецСтрой Групп ЛТД» ЖШС бірқатар құрылыс нормасын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, траншеялардың қия беткейлері бекітілмеген, жергілікті дымқыл топырақ қабаттап нығыздалмастан қайта көміліп, кейбір учаскелерде траншеяға жер асты сулары толып қалған», – делінген әкімдік хабарламасында.

Жаңбыр кезінде жол төсемінің опырыл кетуіне Аманжол және өзге де көшелерде инертті материалдың төселмегені, топырақтың тығыздалу деңгейінің талапқа сай келмеуі себеп болған. Салдарынан жауын-шашын кезінде жол жабындысы отырып, терең шұңқырлар пайда болған.

«Қала құрылысы бақылау басқармасы мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді 2025 жылы 8 қазанға дейін жою жөнінде нұсқама берді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, іс сотқа жолданып, заң аясында процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлайды әкімдік.

Айта кетейік, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты арнайы жиын өткізіп, мердігерлерлердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Мердігерлердің жауапсыздығын сынға алды.

«Тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл жұмыс емес, бұл жауапсыздық», – деді әкім.

Осындай олқы жағдай 16 қыркүйек күні Алматыдағы нөсер кезінде болды. Бұл күні қалаға жарты айлық жаңбыр мөлшері түскен. Салдарынан қала көшелерін су басып, жолдарда кептеліс артты. Ал Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінің жол төсемі опырылып, 10 шақты көлік шұңқырға түсіп кетті.

Сондай-ақ оқыңыз