SCAT әуе паркі жаңа Boeing 737 MAX 8 ұшағымен толықты

Қазақстанның SCAT әуе компаниянысының паркі жаңа Boeing 737 MAX 8 ұшағымен толықты. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
«SCAT әуе компаниясының флоты тағы бір жаңа Boeing 737 MAX 8 әуе кемесімен толықты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Комитеттің мәліметінше, бұл әуе компаниясының осы үлгідегі он бірінші ұшағы. Жалпы компанияда 35 замануи ұшақ бар. Жыл басынан бері компания Boeing 737 MAX 8 үлгісіндегі 3 жаңа ұшақ сатып алған. Жылдың аяғына дейін дәл осы үлгідегі тағы бір ұшақ жеткізіледі.
Boeing 737 MAX 8 әуе кемесі халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары экологиялық тиімді ұшақ түрі саналады.
Жалпы, Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейін елдің әуе паркін 103 ұшақпен толықтыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда елдің әуе паркінде 104 ұшақ бар. Яғни 2030 жылға дейін бұл көлем екі есе артады. Үкімет Airbus A320 типті ұшағы мен осы Boeing 737 MAX8 ұшақтарына басымдық беріп отыр.