Alatau City қаласының идеясы 18 жылға созылған

Alatau City қаласының бас жоспарын жасауға сингапурлық компаниялар қатысты. Бұл жайлы Be Woman форумында кәсіпкер, девелопер Юрий Цхай айтып берді
Юрий Цхай – кәсіпкер, Alatau City жобасының жеке инвесторының бірі. Оған тиесілі Caspian Group компаниясы арқылы қаладағы сауда-логистикалық орталық, шағын және орта бизнеске арналған бизнес-парк, сондай-ақ IT мен қаржы секторларын дамыту жоспарланып отыр.
Кәсіпке келгенге дейін Юрий Цхай спортта жүрді, бокстан КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Белгілі боксшы, Мәскеудегі Жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, қазір Forbes тізіміне кірген бизнес Серік Қонақбаевты тәрбиелеген.
Нью-Йорк шабыт берді
«1986 жылы спорттың арқасында мен Нью-Йорк қаласына бардым. Сол сәтте санамда жарылыс болғандай еді, ол «жарылыспен» өмір бойы жүрдім. Кейін спорттан кетіп, бизнес бастадым. 2006 жылы Baring Vostok-пен мәміле жасап, үлесімді сатып жібердім. Қаржымды жерге салдым. Барлығы мұны «ессіздік», «ақымақтық» деп санады. Бірақ олар мен санамдағы идеяның жетегінде жүргенімді білген жоқ», – дейді Юрий Цхай қаланың пайда болуы туралы арманы жайлы.,
Айтуынша, жеке қала салу деген идеяның тарихы 18 жылға созылған.
«Сол уақыт ішінде дөрекілік те, қорлық та естідім. Бірақ жобаға қатысты атап өтетін екі тұсы бар. Біріншісі – 2024 жыл мамыры. Сол кезде Тоқаев Сингапурға барып, Орталық Азияда Alatau атты қала салынатынын бүкіл әлемге жария етті. Бірақ тек осы жылы ғана қыркүйекте президент жолдауынан кейін жаңа тынысы ашылғандай болды», – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, қаланың бас жоспарын жасауға сингапурлық Surbana Jurong атты девелоперлік компания қатысқан.
«Біз олардан бас жоспарын жасап беруін сұрадық, олар әзірледі. Кейін кім жоспарын (қаланың – ред.) деп сұрағанда, Сингапур, Surbana Jurong дейміз, ол салмақ береді», – деп түсіндіреді кәсіпкер.
Кәрістердің қазақ халқына алғысы
Alatau City қаласындағы алғаш кірпіші қаланған нысанның бірі – K-park мәдени нысаны. Ол орталықтың таңдалуы бекер емес.
«Бұл біздің қазақ халқына деген алғысымыз. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығын басқаратын Юрий Андреевич бізді құтқарып қалған қазақ халқына рахмет ретінде бірнәрсе қалдыруымыз керек дейтін. Бірнеше күн бұрын нысанның құрылысы басталды, алғашқы болып K-park бой көтереді. Бұл отанымызға деген сыйымыз. Екі жылдан кейін кәріс диаспорасының қазақ еліне келгенінен 90 жыл толады», – деп түсіндірді Be Woman Asia негізін қалаушы Жанна Кан. Ол да кәрістер қауымдастығының мүшесі екенін атап өтті.
Алатау – Алматы облысында жаңа құрылатын қала. Тоқаевтың тапсырмасымен оған арнайы статус құрылып, тек үкіметке ғана бағынатын болды. Ал қаланың құрылысына қытайлық компаниялар тартылады.