Қытай электромобиль экспорттау тәртібін қатайтады

Қытай билігі 2026 жылдан бастап электромобиль экспортына лицензия енгізеді. Жаңа жылда электрокарды сыртқа шығару тәртібі қатаяды. Бұл туралы Kursiv.Media Bloomberg мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
26 қыркүйекте Қытай сауда министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап экспорт лицензиясы енгізілетінін жариялады. Енді арнайы рұқсаты барлар ғана электромобильді шетелге шығара алады.
Осылайша электрокарлар да басқа да көлік түрлеріне енгізілген тәртіпке бағынады. Биыл Бейжің қытай автонарығына бақылауды күшейтті. Сауда соғысының салдары өндірістердің кейбіріне соққы болып тиді. Қытайдан электромобиль экспорттау да геосаяси тартыстың ортасында қалды. Әсіресе Еуропа одағы қытай көліктерінің қарқынын тежеу үшін жоғары баж салығын енгізді.
Агенттік мәліметінше, 2025 жылғы жеті айда қытай компаниялары 19 млрд долларға электромобиль экспорттаған. Бұл былтырғы нәтижеге тең көрсеткіш.