Almaty Marathon жарысына 16 мың адам қатысты

Алматыда дәстүрлі Almaty Marathon – 2025 ұйымдастырылды. Бұл жарыс қалада қатарынан он төртінші рет өтіп отыр. Биыл марафонға 60-тан астам елден 16 мыңға жуық адам қатысты. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Қатысушылар 10 шақырымнан бастап 42,2 шақырымға дейінгі қашықтықта бақ сынаған.
Марафон алғаш рет 2012 жылы өткен. Ол кезде бірнеше мың адам ғана қатысса, бүгінде жарыстың ауқымы едәуір кеңейіп отыр. Қатысушылар саны бойынша биылғы көрсеткіш – жарыс тарихындағы ең жоғары деңгейдің бірі.
Қатысушылардың қатарында қазақстандықтардан бөлек, шетелдік спортшылар да болды. Филиппиндік Джона Флорида Алматыдағы атмосфераның ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
«Мыңдаған адаммен бірге жүгіру керемет сезім. Атмосфера шабыттандырады және көрермендердің қолдауы әр шақырымды ерекше етеді. Маған Алматы қатты ұнады. Мен мұнда тағы бір рет келуді жоспарлап отырмын. Мен осы марафонның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын», – деді ол.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздік пен медициналық қамтамасыз етуге назар аударды. Марафон бағыты бойында 13 медициналық пункт жұмыс істеді. Сондай-ақ 12 жедел жәрдем көлігі, 10 велодоктор және 90-ға жуық медициналық ерікті кезекшілікке шықты.
2025 жылғы 20 сәуірде Алматыда өткен марафон кезінде екі қазақстандық көз жұмған.