Жеке бизнесі бар қазақстандық инфлюенсерлер

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: .kursiv.media

Әлдебір блогер, әнші не актердің жеке бизнесін бастап жатқанын естісек, таңғалмайтын болдық. Өйткені қазақстандық жұлдыздар әлеуметтік желі һәм сахнамен шектелмей, табысын арттырудың түрлі тәсілін тапқан. Ішінде шынында кәсіпті өзі жүргізетіндері де, атын пайдаланып үлесін алатындар да бар. Әсіресе, осыдан он жылдай уақыт бұрын блогерлер мен вайнерлер дәуірі енді қызып жатқан шақта көбі өз атынан ашқандай фаст-фуд желілерін, мейрамхана жұмыстарын жүргізген. Оның бірқатары көп ұзамай жабылып тынғанын да білеміз. Ал кейінгі кездері киім, IT-жоба, бьюти сынды салаға кіретіндер көбейіп жатыр. Олай болса, жеке кәсібін бастаған қазақстандық жұлдыздардың топтамасын назарыңызға ұсынамыз.

Жұлдыздар неге кәсіп ашуға құмар?

Әлқисса, бизнеске әркімнің-ақ бар таласы. Әсіресе, аудиториясы бар, әжептәуір қаржы қоры жиналған адамның екі қолға бір кәсіп табу үшін бизнес бастағаны — құптарлық іс. Алдымен блогерлер мен артистердің кәсіп ашуға ұмтылысына не себеп екеніне тоқталып көрелік. 

  1. Жеке брендін капитал ретінде қолданады. Адам әлеуметтік желіде, фанаттар арасында танымал болғандықтан, егер ол бір бастама жасайтын болса, аудитория оған көбірек сенеді. Қолдау үшін алуға дайын болады.
  2. Табысын әртараптандырғысы келеді. Музыка не блогиң тұрақты сала деуге келмейді. Сондықтан кәсіпті дөңгелету арқылы олар өзін сақтандырады деуге болады.
  3. Айналада бәрі кәсіпкер болып жатқандықтан, трендтен қалысқысы келмейді. Қазақстанда қазір кәсіп ашу сән болып жатыр. Сондықтан сол трендке ілесу үшін осындай қадамға баратындар да бар.

Бизнесі бар 5 блогер

1. Карина Оксукпаева

  • Бизнесі: ерінге жағатын далап, онлайн-фитнес
  • Толығырақ: Экс-вайнер, YuFrame-ның бұрынғы мүшесі қазір Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Инстаграмда Каринаның 5,3 млн оқырманы бар. Күйеуі — Арман Юсупов та осы салада. Отбасылық бизнес ретінде онлайн курстарды да жүргізген кездері болған. Ал Каринаның жеке өз атынан деп жарнамаланатын кәсіптеріне келсек, қазір ол AIEL және LICK брендтерін дамытумен айналысып жүр. Алғашқысы — әйелдерге арналған онлайн-фитнес бағыты. Блогер бұған дейін «Топим жир» деген жеке бағдарламасын шығарып, артық салмақтан арылудың «құпияларын» бөліскен. Қазір енді ол арықтауға көмектесетін тәсілдерді бір платформаға біріктірген. Basic және PRO тарифтері бойынша бір айлық не үш айлық абонемент алуға болады. Құны 10 мың теңге және 21 мың теңге шамасында. Желіде бұл платформаға қатысты түрлі пікір табасыз. Бірі шынымен әсерін сездік десе, енді бірі еш өзгеріс болмағанын айтып, ақшасы зая кеткенін жазған. Каринаның екінші саласы — бьюти. Атап айтқанда, ерінге жағатын жылтыр далап. Шие далаптың бағасы — 6 мың теңге. Липстикпен бірге брелок сыйға беріледі.

2. Мадина Мамадалиева

  • Бизнесі: ерінге жағатын лип-комбо, blush
  • Толығырақ: 2 миллионнан астам фоллоуері бар Мадлен де бизнеске қадам басты. Биыл бьюти-өнім шығарған блогер көп. Соның ішінде ерін далабы топ-ниша болғанға ұқсайды. Мадина Мамадалиева ұсынған өнімдерін люкс сегментке жақындатқысы келген болса керек. Өйткені бағасы арзан емес. Мысалы жылтырақ далап пен қарындашты қазір 17800 теңгеге ала аласыз. Бастапқыда бағасы бұдан қымбаттау болған. Осыдан бірнеше күн бұрын блогер жаңа өнімін жарнамалап бастады. Ол — blush. Яғни жүзіңіздің шырайын келтіретін крем блаш. Дегенмен оның бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз.    

3. Айым Сейтметова

  • Бизнесі: бетке арналған blush
  • Толығырақ: Айым бетке арналған блаш шығарып жатыр. Жаққанда суфле сияқты сезіледі деп жарнамаланған өнімнің бағасы — 8 мың теңге. ТикТок желісінде Glamme брендімен шығатын blush-қа қатысты пікірлер екіге жарылды. Дәл сол дизайнмен Қытайдан алдыруға болатын айтып қолданушылар біршама сынның астына алды. Айым Карина Оксукпаевамен әріптес қана емес, жақын құрбы. Екеуі де бьюти-өнімдерін шамалас уақытта жарыққа шығарды. Бір-бірін қолдап, жарнаманы да қуана жасайды. 

4. Айжұлдыз Адайбекова

  • Бизнесі: медитация жасауға арналған мобайл қолданба, мерчтер
  • Толығырақ: Айжұлдыз Sezapp деген медитация жасауға арналған алғашқы қазақша мобайл қолданба жасап шығарған инфлюенсер. Ішінде ақша шақыратын, денсаулықты түзейтін, ішкі күйіңізді реттейтін, әйелдерге арналған неше түрлі медитация жинақталған. Одан бөлек, балаларға ертегілер, ұйқы алдындағы әңгімелер, инсайттар, шүкіршілік күнделігі, медитация трекері мен таймері де бар. Оған қоса арнайы бокс, күнделік, хош иісті майшам, шалфей, пало санто мен бақалшақ, оверсайз футболкалар мен стикерпактар да бар. Жазылымның бір жылдық құны — 30 мың теңге. 

5. Айна Исаева

  • Бизнесі: ағылшын тілін үйрететін курс, сән салоны
  • Толығырақ: Ainasays атымен танымал Айна Исаева — бірнеше жылдан бері кәсібін табысты жүргізіп келе жатқан инфлюенсерлердің бірі. Өзі де көп тіл білетін полиглоттың тіл мектебін ашқаны қуантады. Курс телеграмға лайықталып жасалған платформада, тек онлайн форматта өтеді. Әлеуметтік желідегі парақшасына қарасақ, күзгі маусымға орай жаңа дүние жасап жатқан сыңайлы. Бірақ курс дәл қазір сатылып жатыр ма, жоқ па белгісіз. Ал тіл үйрететін кураторларға келсек, командада тиісті білімі бар, бірнеше тіл білетін, шетелде оқыған оқытушылар бар екен. Айнаның келесі бизнесі — сән салоны. Астана қаласында орналасқан салонның атауы — Space. Елорданың сол жағалауынан орын тепкен бьюьти-мекенде сұлулық салондарының көрсететін қызметі түгел жинақталған. Атап айтқанда, қас, кірпік, тырнақ, шаш, депиляция, бет тазалау, эпиляция, мейк-ап процедуралары бар.

5. Damelya Sweet

  • Бизнесі: гүл сататын дүкен, тәтті десерттер, киім бренді
  • Толығырақ: Дәмелінің иелігінде қазіргі таңда үш бірдей бизнес бар. Оның ішінде екеуі бір-бірін толықтыратын кәсіп болса, біреуінің бағыты басқа — кутюр. Бизнестеріне тоқталсақ, блогердің айтуынша гүл бизнесі оның жеке өзіне тиесілі. Тіпті жаңа нүктелерін ашатын кезде күн демей, түн демей жөндеу жұмысын қадағалағанын айтады. Қазір Desso Flowers үлкен желіге айналған. Олай дейтініміз, дүкеннің Алматыда ғана емес, Ақтау, Тараз, Семей, Шымкент және Астана қалаларында филиалдары бар. Оған қоса, әр филиалдың жанынан Dessosweets ашылған. Бұл — десерттер сататын дүкен. Кейінгі кезде гүл дүкендері гүл сатумен ғана шектелмей, әшекей бұйым, тәтті торттар, шар және кәдесыйлар да сататын бұрыш ашып қояды. Саладағы сұраныс сондай болса керек. Букеттердің бағасы әр қалада әр түрлі. Оған қоса, қалауыңызға қарай арзан-қымбатын өзіңіз таңдайсыз. Жалпы алғанда 10 мыңнан бастап тіпті 100 мыңнан жоғары сомаға да гүлге тапсырыс беруге болады. Десерт сататын дүкенге келсек, мұнда да түрлі комбо бар. Әсіресе, шоколадқа малынған құлпынай, банан, жидектер табасыз. Бағасы 150 мыңға дейін кете береді. Desso гүлдерімен комбо қылып алуға ыңғайлы болсын деп бірнеше нұсқа да ұсынылған. Үшінші кәсіп түрі — киім бренді. Бұл — онлайн дүкен. Негізін қалаған Дәмелі деп парақшасы тұрғанымен, кейінгі бір жылда жаңа киімдер келгені туралы ақпарат жоқ. SW Couture деп аталатын бренд киімдерін кей офлайн дүкендерден де табуға болатын сыңайлы. Өйткені кейбір концепт-сторлармен коллаборация жасаған. Бірақ айтқандай, қазіргі таңда дүкен істеп тұр ма, жоқ па белгісіз.  

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін биылғы маусымның трендтеріне шолу жасаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз