Алматыда кәсіпкерлерге арналған қазақ тіліндегі MBA бағдарламасы таныстырылды

Жарияланды
Алматыда кәсіпкерлерге арналған қазақ тіліндегі MBA бағдарламасы таныстырылды
Алматыда кәсіпкерлерге арналған қазақ тіліндегі MBA бағдарламасы таныстырылды / фото: META университеті

Алматыдағы META университетінде қазақ тіліндегі MBA бағдарламасының ресми ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге жиналған кәсіпкерлер бұл оқиға қазақ тілді білікті басшыларды, менеджерлерді дайындау, қалыптастыру жолындағы елеулі қадам екенін айтады.

META университеті GSB директоры, экономист Мақсат Халық бағдарламаны қазақ тілінде оқуытудың маңызына тоқталды.

«Біз ағылшын тілінде білім алғанда әуелі аударамыз. Сосын оны түсініп, сұрағымызды дайындап, оны аударып, жеткізем дегенше біраз қиындықтан өтетінбіз. Енді міне, қазақ тілінде басқарушылық білім беретін бағдарлама іске қосылып отыр. Қазақ тілінде алынған білім ғана ертең бизнес қауымдастығында қазақ тілінің мәртебесін өсіре алады. Қазақ тілінде білім алған кәсіпкер, ертең кәсібін ұлттық болмысқа сәйкес қалыптастырып, ұлттық экономиканың моделін құра алатындай дәрежеге жете алады», – дейді ол.

Мақсат Халықтың сөзінше, MBA бағдарламасының үлкен артықшылығы – шығармашылық еркіндіктің болуы. Ғылым министрлігі тек екі пәнді міндеттейді, ол стратегиялық менеджмент пен бизнес зерттеу. Қалған пәндер нарық сұранысына сай бейімделеді.

MBA бағдарлама жайлы

  • Оқыту мерзімі – 1 жыл;
  • Сабақ айына 3-4 күн;
  • Бағдарламаға бизнесте кемінде 2 жыл басқарушылық тәжірибесі бар кәсіпкерлер ғана қабылданады;
  • Қос дипломдық жүйе: Бағдарлама қазақстандық META университеті мен швейцариялық Swiss Institute of Technology and Entrepreneurship университетінің модулінен тұрады. Түлектер қос диплом алады;
  • Малайзия, Швейцария, Жапония, АҚШ, Испания сияқты жетекші елдердің бизнес-мектептерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі;
  • Бағдарламаның құны – 3 200 000 ₸.
Фото: META университеті
Фото: META университеті

«MBA кәсіпті базар деңгейінен жүйелі жолға түсіруге көмектесті»

Автомода, Avto space detailing компанияларының негізін қалаушы Құмар Жұмахан MBA бағдарламасынан алған білімі кәсібін жаңа деңгейге жетелегенін атап өтті.

«Кәсібімнің динамикасына қарасам, MBA бағдарламасын оқығаннан кейін өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіппіз. Өзіміз кәсіпті базардағы бутиктен, шағын цехтан бастағаннан кейін, MBA-ге дейін 7-8 жыл кәсіп жолында жүрсек де сол базар деңгейінде ойланып келіппіз. Бағдарламаны оқығаннан кейін, кәсіпті жүйелеу, оны бағалау, цифрларды санауды үйреніп, команда құру, даму стратегиясын жасауға мақыштандық. Бухгалтерияны жүргізу, логистиканы реттеу сияқты практикалық түрде жасап жүрген жұмыстарды бағдарламаны оқу барысында өте нақты, дәл түрде көре алдық. Бұл жұмысымыздың тиімділігін арттыруға көп көмектесті. MBA бағдарламасынан кейін түрлі курстартарға баруды қойдым», – деп атап өтті ол.

Ғылым мен бизнесте қазақ тілін өрістетудің жолы

Жиын барысында қазақ тілінде сапалы бизнес-білімнің жеткіліксіздігі ұлттық кадрларды даярлаудағы басты кедергілердің бірі болып отырғаны сөз болып, қазақ тілін ғылым мен бизнес тіліне айналдыру жолдары талқыланды.

PhD докторант, профессор-зерттеуші, SAVENERGY компаниясының басшысы Руслан Нұрлыбаев қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін бірінші кезекте шығатын кітаптар, жазылатын дипломдар, монографиялардың бір нұсқасын мемлекеттік тілде жазу қажет екенін атап өтті.

«Ізденуші ақпарат іздегенде мемлекеттік тілде ақпарат таба білуі керек. Сонда қазақ тілі білім-ғылым тіліне айналады. Сол сияқты бизнесте қолданылатын кітаптар бірінші кезекте қазақ тіліне аударылуы керек», – дейді ғалым.

Кәсіпкер Болатбек Дәлелханұлы кәсіпті қазақыландырудың өзі сынап, іс жүзінде нәтижесін көрген амалын ұсынды.

«Біздің кәсіпте жұмыс тілі орыс тілі болатын. Кейін кәсібімізге Бейжіңде оқыған, Тик-ток желісінде істеген, Қытайдың мемлекеттік органдарында үлкен тәжірибеден өткен қазақтың балаларын тарта бастадық. Олар қытай және қазақша сөйлейді. Сәйкесінше, олармен ортақ тіліміз қазақ тілі болды. Кейін біртіндеп олармен қатынас орнату үшін компанияда бәрі қазақша сөйлеп кетті. Меніңше, елге шетелдегі осындай мың қазақты әкеліп, оларды отыз салаға бөліп, 33-тен жіберу керек. Сонда бизнестің барлық саласының қазақылану мүмкіндігі жоғары болады деп ойлаймын», – дейді Болатбек Дәлелханұлы.

Бұған дейін, Narxoz Business School (NBS) жаңа заманауи кампусының ресми ашылуы өткенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз